Биылдан бастап құрбандық шалу онлайн түрде жүргізіледі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы биыл алғаш рет онлайн құрбандық шалу іске қосылғанын мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.
«Құрбан айт ұлық мейрам әрі жағдайы келген мұсылманға құрбан шалу уәжіп болып есептеледі. Осынау ұлық ғибадатты орындау мақсатында Діни басқарма ел мұсылмандарының өтінішін ескере отырып, биыл алғаш рет Құрбан айт қарсаңында халықаралық тәжірибелерге сүйеніп, қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алдық. Осы мақсатта qurban2020.kz сайты ашылып, 24 шілдеден бастап жұмыс істейді. 30 шілдеге дейін онлайн құрбандық шалуға тапсырыс қабылдайды. Кез келген азамат онлайн түрде құрбан шалуға тапсырыс бере алады», – дейді бас мүфти.
Ол өз сөзінде онлайн құрбандық әлемнің бірқатар елдерінде бар тәжірибе екенін тілге тиек етіп өтті.
«Онлайн режимде тапсырыс қабылдап, құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі Түркия, Индонезия, Малайзия, БАӘ елдерінде бұрыннан қалыптасқан және жыл сайынғы дәстүрге айналған. Бұл жүйенің басты ерекшелігі – құрбандық еті түгелдей мұқтаж азаматтарға таратылады. Алғаш рет іске қосылғалы тұрған бұл жүйенің кейбір кемшіліктері болуы мүмкін. Техникалық кемшіліктер орын алып жатса, түсіністікпен қарауды өтінеміз», – дейді Наурызбай қажы.
Сондай-ақ онлайн құрбандық ашудағы мақсат сын сағатта пайда табу емес, халықтың құрбан шалуға деген қажеттілігін жүзеге асыру екенін бас мүфти ерекше айтып өтті.