КӨП ҚАУЫМ АБАЙ КҮНІН АТАП ӨТУДІ ҚОЛДАЙДЫ
Биыл қазақтың көрнекті ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы. Осыған орай Үкімет ұлы ақынның құрметіне орай әр жылдың 10-тамызын Абай күні ретінде атап өтуді ұсынды.
Премьер-Министр Асқар Маминнің бұл туралы Қаулысы 13-шілдеге дейін қоғамдық талқылауға түседі. Қаулы мәтіні 26-маусымда «Ашық Үкімет» порталына жарияланды.
Неге 10-тамыз? Себебі 10 тамыз — ақын Абай Құнанбайұлының туған күні болып табылады. Кейбір зерттеушілер ақын 23 — тамызда туған дегенді алға тартады.
Билік ұсынысына қатысты біраз пікірлер айтылуда. Біраз адам бұл ұсынысты қолдаса, енді бірі Абай күнін мерекелеу ысырапшылдыққа жол береді дегенді алға тартады. «Абай күнін тойлағанша оның өлеңін жаттайық» деген орамды ой айтып жатқандары да жетерлік.
Жалпы биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай айтылған ұсыныстар осымен түгесілмейді. Жыл басынан бері біртуар тұлғаның мерейтойына орай түрлі ұтырлы ұсыныстар айтылып, жариялануда. Мәселен, кинодраматург Талғат Теменов «Тойдың шашуы ретінде Семей облысын ашса Нұр үстіне Нұр болары белгілі. Абай Хәкім, әрине сенің атыңда көшелер бар. Қазақстанның әр қаласында бір-бір көше бары рас. Алайда осы жеткілікті ме? Неге біз сенің атыңа бір аэропортты, болмаса бір облысты қимай отырмыз? Жарайды делік. Бізде Жәкем – Жамбылдың атында облыс бар.. Қаныштың атында Сатпаев қаласы бар… Ал, сен оларға Темірқазық едің ғой.. Неге біз сені ұмыттық, Абай? Егер осы Семей қайта ашылса ел-жұрт қандай қуанар еді.. бөркімізді аспанға лақтырып бір-бірімізден сүйінші сұрамас па едік..? Иә, менің ақылым әзірге осыған жетпей тұр…»,-деп Семей облысын қайта ашу туралы ұтырлы ұсыныс білдірген. Бұл пікірді Ғаббас Қабышұлы да қолдап, «Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов туып-өскен Семей топырағы – киелі топырақ. Семей өңірі – исі қазақтың рухани бесігі. Тәттісөзді Тәуелсіздік бұйырысымен Семей облысының атын мансұқтау қазақы рухқа қамшы сілтеу болды. Ол қателік түзетілуге тиіс! Семей облысы қалпына келтірілсін! Бұл орынды талапты қазіргі биліктіктің алдына бүкіл қазақ болып қоюымыз қажет!»,- деген. Жуырда профессор Оразалы Сәбден болса «Осы орайда, биыл туғанына 175 жыл атап өтілгелі отырған әлемдік деңгейдегі тұлғаға неге бір облыстың атын беруге болмайды деген сұрақ көптің көкейінде тұр. Жамбыл облысы бар. Түркістан облысы ашылды. Талдықорғанға облыс мәртебесі қайта берілді. Бір кездерде құлдырап кеткен облыс, әсіресе Талдықорған қаласы қазір қарасақ, сәулетіне көз толады, дамып келеді»,-деп жөні бөлек, жосығы ерек пікір білдіреді. Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметіне қарата айтылған бұл ұсыныстар туралы нақты жауап әлі айтылған жоқ.
Сонымен қатар, қазақ жұртының санасына сәуле шашқан еңбектердің авторы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өткен жылдың соңында «Ақ Жол» партиясының депутаттары еліміздің Премьер-Министрі Асқар Маминге Семейге мегаполис статусы берілсін деген ұсыныспен депутаттық сауал жолдаған. Партия депутаттары өз ұсыныстарында ҚР «Әкімшілік аумақтық құрылысы туралы» Заңнын 3-бабына сәйкес, республикалық маңызы бар қалалар қатарына халқының саны бір миллион адамнан асатын елдімекендер немесе ерекше мемлекеттік маңызы бар қалалар жататынын алға тарта келе, Семей қаласы – дәл осы ерекше мемлекеттік маңызы бар қала екендігін бірнеше мысалдармен келтіре кеткен-тін. Көп ұзамай Үкімет басшысы Асқар Мамин депутат сауалына «Жоғарыда айтылғандардың негізінде бүгінгі күні Семей қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беруді мезгілсіз деп санаймыз» деп жауап қайырған еді. Премьер- Министр дербес қала мәртебесін беру елеулі бюджет шығындарын талап ететінін, әзірге мемлекет ақшасын қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін жобаларға бөлу тиімді екенін айтқан-тын.