КАРАНТИНГЕ ҚАЙТАДАН КӨШУІМІЗ МҮМКІН
Ағымдағы жылдың 11-мамырында елімізде төтенше жағдай режимі алынған. Бірақ төтенше жағдай жойылғанмен, өңірлерде карантин шаралары әлі де сақталып отыр. Себебі ел тұрғындарының коронавируспен сырқаттану деңгейі айтарлықтай артып кетті.
Осыған байланысты еліміздің бас санитары Айжан Есмағамбетова ел азаматтарына сақтық шараларына аса мән беруді, вирус ешқайда кетпегенін, оның арамызда таралып жүргенін түсіну қажеттігін айтып дабыл қақты. Сонымен қатар ол, тиісті талап сақталмай, сырқаттану статистикасы артатын болса карантин құрсауына қайтадан оралатынымызды ескертті.
Мұндай жағдайға жол бермес үшін қызметіне қайта кіріскен нысандар санитарлық талаптарды қатаң сақтап, тұтынушылардың қауіпсіздігіне баса мән беруі қажет.
Бүгінде Қазақстанда 21-мамырдағы жағдай бойынша вирус жұқтырғандардың саны 7200-ден асты. Ауруды жұқтырғандар санынан Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Атырау облысы алға шығып тұр. Елде коронавируспен ауырған 3800-ден астам адам емделсе, көз жұмғандардың саны 35-ке жеткен. Ал әлем бойынша COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны 5 милионнан асқан.
Сәрсенбіде Айжан Есмағамбетова Қазақстанда індеттің өсу қарқыны 3,2 пайызды құрайтынын, ал соңғы аптада ауырғандар саны 15 пайызға артқанын мәлімдеді. Бас санитар мұны тест өткізу көлемінің артуымен байланыстырған.
Қ. ҚАЛИЕВ.