ҚОЙМАЛАРДАҒЫ СУ ҚАНДАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?
Шымкентте 4 су қоймасы бар. Қазіргі таңда олардың техникалық жағдайы қанағаттанарлық. Бұл туралы қала әкімінің төрағалығымен өткен кезекті жиында қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков мәлімдеді.
Қазіргі таңда қала бойынша сыйымдылығы ең үлкен «Ақжар» су қоймасы. Жалпы жиыны 723 млн. текше метр су жинауға лайықталған қоймада су қоры 68 пайызға жеткен. Ал 1983 жылы салынған «Текесу» су қоймасының сыйымдылығы 481 млн текше метр. Қазіргі таңда онда жиналған су мөлшері 50 пайыз ғана.
Сыйымдылық мөлшері 61,5 млн текше метрге жететін «Бадам» су қоймасына жиналған тіршілік көзі 90 пайыздан асқан. Қоймадағы жағдайды мамандар тұрақты бақылауға алған.
Өткен ғасырдың 60-жылдарында пайдалануға берілген «Тоғыс» су қоймасындағы жағдай ешқандай алаң туғызбайды. Барлығы өндірістік және ирригациялық мақсатта пайдалануға жарамды 4,6 млн. текше метр су жинай алатын қоймаға бүгінге дейін 19 пайыз ғана су келген.
Аталған қоймалардың барлығына 2018 жылы меншік иелерімен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.