«ШЫМКЕНТ ДЕЗИНФЕКЦИЯ» ДӘРІЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫН БАСТАДЫ
Өткен аптада Мақтаарал ауданында қызыл су алған ауылдарда дезинфекциялау жұмыстары басталды. Түрлі кеселдерді алдын алу бағытындағы дәрілеу жұмыстарына «Шымкент дезинфекция» мекемесінің арнайы 6 маманы тартылды.
Мамандар арнайы ерітінді арқылы жүргізілетін дезинфекциялық өңдеу жұмыстары түрлі жұқпалы аурулардың таралуын болдырмай, инфекциялық індеттердің өршуін алдын алатынын алға тартуда.
Түркістан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдан Ахметов залалсыздандыру жұмыстары су басқан Өргебас пен Фирдауси ауылдарында бастау алғанын мәлімдеді. Сел астында қалған өзге ауылдарда су деңгейі түскен сәттен бастап дезинфекциялық жұмыстар жалғасатынын алға тартты. Сонымен қатар ол, елдімекендердегі су ұңғымалары мен ауыз су құбырлары да тиісті әдістермен тазартылатынын жеткізді. Және де су басқан ауылдардағы ауыз су құрамына да сараптамалық зерттеу жұмыстары жүргізілетінін айтты.