ҚАРЖЫ БӨЛІНГЕН СОҢ, ЖҰМЫС БӨГЕЛМЕУІ ҚАЖЕТ

Түркістандағы кейбір құрылыс нысандары тәулік бойы жүргізілуі тиіс.

Түркістан қаласындағы құрылыс жұмыстарының барысын пысықтаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мердігер мекеме өкілдеріне осылай деді.

Сонымен қатар ол, сақтық шараларына аса мән беруді естен шығармауды да шегеледі.

 

Облыс орталығындағы әкімшілік-іскерлік орталықта құрылысы жүріп жатқан арендалық және несиелік тұрғын үйлер тамыз айында тапсырыла бастайды. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 62 тұрғын үйді биыл тапсыру жоспарланып отыр. Облыс басшысы барлық тұрғын үйлердің сыртқы көрінісінің бірыңғай болуына баса назар аударуды міндеттеді. Түркістандағы тұрғын үйлердің басым бөлігі ашық түсті травертин және ақ мәрмәр таспен қапталады.

Облыс басшысы «Жұмыс ауқымы өте үлкен. Оны жақсы түсінеміз. Алайда қаржы дер кезінде бөлінген соң жұмыс тоқтамауы керек. Жұмыс кестесінен қалып қоюға мүлдем жол жоқ. Қажет болған құрылыс нысандарына қосымша күш тартылды. Күн сайынғы тексеруімізден кейін жұмыс алға жылжып жатыр. Оның үстіне кейбір құрылыс нысандары тәулік бойы жұмыс істеуге көшуге әбден болады», – деді.

Бүгінде облыс орталығында бой көтерген басқармалар, департаменттер ғимараттары, конгресс орталығында құрылыс аяқталып келеді. Ол жерлерде ішкі әрлеу, инженерлік желілерін монтаждау және сыртқы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс екі ауысымда жүріп жатыр. Нұр-Сұлтан алаңында құрылыс жұмыстары толық аяқталып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Оқушылар сарайы, стадион, бассейні бар спорт кешенінің де құрылысы аяқталуға таяу.

Қалалық саябақта абаттандыру, дренаждық жүйе, су бұрқақтар, амфитеатр, аттракциондар орнату, сәндік су айдыны және көшеттер отырғызу жұмыстары жүруде. Сонымен қатар, шаһарда әлемдік талапқа сай бірнеше бес жұлдызды қонақ үй кешендері бой көтеруде. Нысан құрылыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Тұңғыш Президент саябағы жасыл желекке оранып, Ясауи мұражайының ішкі жұмыстары жүруде. Өмірзақ Естайұлы құрылысқа атсалысып жатқан шетелдік компания жетекшілерімен кездесіп, жұмыс барысындағы бірқатар өзгерістерді талқылады.

Сапар барысында аймақ басшысы мердігер компанияның жауапты өкілдеріне жұмыс қарқынын тездетуді тапсырды.