КЕЛЕС АУДАНЫ КИЕЛІ ҚАЛАҒА АЛЛЕЯ СЫЙЛАЙДЫ

Түркістан қаласын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Бұл бағыттағы іс-шаралар былтыр қолға алынған болатын. Сол кезде қала абаттандыру мақсатында 32 секторға бөлініп, әр секторға облыстағы аудан, қалалар мен мемлекеттік мекемелер жауапты болып бекітілген еді.

 

Соның ішінде 16-сектор облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен Келес ауданы және Түркістан қалалық әкімдігі мемлекеттік сатып алу бөлімінің еншісіне берілген болатын. Аталған секторда Түркістан қаласының «Яссы»,» Баянауыл», «Қарашық» мөлтек аудандары орналасқан. Жалпы аумағы 850 гектарды құрайды. Ал үйлердің саны 1317 болса, тұрғындар саны 4380 адам, көшелер саны 47-ге жетеді.

Бүгінге дейін Келес аудан өздеріне бекітілген аумаққа 6 мыңнан астам ағаш көшеттерін отырғызды. Егілген көшеттерге төлқұжат дайындалып, картасы жасалынған. Отырғызылған тал-дарақтар толығымен «Жасыл Түркістан» КММ-нің қарауына өткізілген. Әзірге ағаш көшеттері арнайы техника арқылы (водавоз) суғарылуда. Алдағы уақытта қазылған ұңғымалардан суғару жүйесі жүргізілген соң, тал-дарақтарға тіршілік нәрін беру жеңілдей түседі.

Сонымен қатар, 16-сектордағы орындықтар, қоқыс жәшіктері, аялдамалар көрінісінің біркелкі болуына да баса мән берілген. Бұдан бөлек сектор аумағындағы тұрғын үй, кәсіпкерлік нысандар және т.б ғимараттардың қасбеттерін ретке келтіру жөнінде меншік иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 120 тұрғын үй, 3 кәсіпкерлік нысанның қасбеттері ретке келтірілген.

Қасиетті Түркістан қаласын көгалдандыруға Келес ауданынан 15 адам, жергілікті тұрғындардан 5 адам тұрақты жұмысқа тартылған. Тазалық жұмыстарына 3 техника бөлінген. Қаладағы Руханият көшесінің бойынан жастардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін аллея соғылуда. Қазіргі таңда аллея аумағына аяқ жолдар төселіп, декоративті ағаш көшеттері егіліп, газон шөптері себілуде. Және ол жерге орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнатуға да тапсырыс берілді.