КҮНГЕЙГЕ ӨКПЕНІҢ ӨМІРІН ЖАҚСАРТАТЫН АППАРАТТАР ЖЕТТІ
Түркістан облысының барлық аудандық, қалалық ауруханалары Германияда өндірілген «Jenny» маркалы өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз етіледі. Қазірдің өзінде өкпенің өмірін жақсартатын аталған қондырғы Жетісай, Ордабасы, Кентау, Отырар, Сарыағаш, Сайрам, Қарабұлақ, Түлкібас аудандық орталық ауруханалары мен Түркістан қалалық орталық және балалар ауруханасына жеткізілген.
Облыстық бюджет есебінен қаржыландырылған 26 өкпені жасанды желдету аппараттарын алуға тапсырыс беру облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан өткен жылдың желтоқсан айында іске асқан. Сол уақытта олардың әрқайсысының бағасы 16 миллион теңге болып белгіленген. Қазіргі таңда бұл баға біршама өскен. Жаңа медициналық аппаратты облыс әкімдігінде арнайы мамандар таныстырды. Оған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев қатысты. Ол «Бұл аппараттарды алып келуге жеткізуші компания қолдау көрсетті. Жаңа қондырғылар бұрынғы, яғни, қымбаттамай тұрғандағы бағамен сатып алынды. Оның үстіне германиялық бұл қондырғылар балаларға да, ересектерге де арналған. Лайым, қондырғыны ешкімге қолданбайық», — деді.
Әзірге облыс аумағында бұл қондырғының көмегіне тәуелді ауыр халдегі науқастар жоқ. Алдағы уақытта оған мұқтаждар болғандар үшін аппарат саны өңірде жеткілікті. Соңғы үлгіде жабдықталған өкпені жасанды желдету аппараттары науқастың қан қысымын, жүрек соғысы мен кардиограммасын экранда бірден бір мезетте көрсетіп тұрады. Қазіргі таңда қондырғыларды өңірдегі ауруханалардың бірінші басшылары мен жансақтау бөлімінің дәрігерлері, инженер-мамандары тексеріп қабылдап алуда.
Жеткізуші компания өкілдерінің құрал-жабдықтарды Алматы қаласынан Түркістан облысына ешбір кедергісіз тасымалдауы бақылауға алынған болатын.