КУАРҒАН ЖЕРЛЕРГЕ ҚУАТ БІТУДЕ
«Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылғадейінгі кешенді жоспары» аясында ағын су тапшылығын жойып, суармалы жерлердің тиімділігін арттыру және ағын су көлемін үнемдеу бағытында ауқымды жобалар қолға алынды. Қолға алынған нақты іс-шаралардың нәтижесінде бос жатқан жерлерге ағын су келе бастады. Осылайша облыс аумағындағы қуарған жерлерге қуат бітіп, құнары артуда.
Апта ішінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ағын су барған аумақтарды аралап, жергілікті шаруалармен жүздесіп қайтты.
Күйзелген, қуарған жер бедерін жаңарту үшін Түркістан аумағында республикалық 2 жоба іске қосылды. Сыйымдылығы 18 млн. текше метр болатын «Кеңсай Қосқорған-2 су қоймасын салу» жобасына 2 млрд. теңге қаралып, жұмыстар қарқынды түрде басталды. Жаңа жоба құны – 5,9 млрд. теңге. Сонымен қатар, «Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобасына 4 млрд. теңге көзделіп, бүгінгі күнге 9,6 шақырым канал бетондалды.
Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей тапсырмасымен, жергілікті бюджет есебінен 134 тік дренажды ұңғымалардың жұмыс істеу қабілетін қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Жоба құны – 2,6 млрд.теңге. Әзірге Түркістан аумағында 40 тік дренажды ұңғыма қалпына келтірілді.
Қолға алынған бұл жұмыстардың барлығы агросаладағылардың алаңын көбейтіп, егіс алқаптарын суландыру мәселесінің өз шешімін табуына септесін болады.
Бұдан бөлек, өңірде «Шошқакөл көлдер жүйесін дамыту» жобасын жүзеге асыру басталады. Одан бөлек, «Сырдария өзенінен машиналы әдіспен су беру жобасы» қолға алынады. Қазіргі таңда оның техникалық экономикалық негіздемесі мен жобалық құжаттары әзірленуде. Бұл жобалар арқылы Түркістан қаласы қосымша 196 млн. текше метр ағын сумен қамтылатын болады. Сондай-ақ, 9,5 мың гектар алқаптың суарылу қабілетін жақсарту үшін жергілікті бюджет есебінен 16 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіледі.