ЖЕТІСАЙДАҒЫ КАНАЛДАРДЫ ТАЗАЛАУ ЖҮЙЕЛІ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Жетісай ауданының халқы Жер-Ананы баптауға бейімделген. Бірақ ағын су тапшылығы олардың көңілдерін күпті еткен негізгі мәселеге айналғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Оған басты себеп – су жеткізетін негізгі каналдар мен ішкі су жүйелерінің толық тазаланбай келуі еді. Осы мәселенің түйінін тарқату үшін биыл бірқатар жұмыстар атқарылды.

Осы жылы елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты қабылданған карантиндік режимге қарамастан аудандағы ағын су тапшылығын жойып, суармалы жерлердің тиімділігін арттыру және ағын су көлемін үнемдеу бағытында «ҚазСуШар» РМК Түркістан филиалы тарапынан ауқымды жобалар қолға алынған.

«Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 50,741 шақырымға жалғасқан каналдарды механикалық тазалаудан өткізу жоспарланған. Бүгінде ұзындығы 35,666 шақырымды құрайтын К-34, К-25-18, К-21-06, К-28-31, К-34-12 каналдары толық аяқталған. Аталмыш бағдарлама шеңберінде екі қолға бір күрек тауып, шаруашылықпен тұрақты түрде айналысып отырғандар да аз емес. Сонымен қатар, бүгінде К-25 каналының тазалануы тиіс 22,7 шақырымының 5,5 шақырымы өскінді шөптер мен шөгінді тұнбалардан толықтай аршылған. 15 мың гектарда 2400 шаруа қожалығы орналасқан аталмыш каналдың бойында 4 техника тоқтаусыз жұмыс істеуде.

«Соңғы 15 жылға жуық уақыттан бері тазалау көрмеген К-25 каналына тазалау жұмыстарын жүргізіп, арнасын ашып жатқан «ҚазСуШар» РМК Түркістан филиалы басшыларына айтар алғысымыз шексіз. Бұл бірінші кезекте дер кезінде су алуымызға, оны үнемді пайдалануымызға үлкен септігін тигізері сөзсіз. Енді бізде мемлекетке қарап алақан жайып отыра бермей, ішкі су жүйелерімізді өзіміз тазалауымыз керек. Осы істі ел болып іске асыруға шаруаларды толық қатысуға шақырамын»,- дейді «Ердәулет» шаруа қожалығының төрағасы Қобылан Наурызбаев.

Биыл арық-атыздарды тазалау жұмыстарының жылдағыдан ерте басталуының бірден-бір себебі елімізге жылына 13 млрд. 540 млн. текше метр су жіберетін қырғызстандық «Тоқтағұл» су қоймасынан алатын ағын су көлемінің 2 млрд. 40 млн. текше метрге азаюы болып отыр.