ЕРГЕШБЕК ЕЛ АЛДЫНА ШЫҚТЫ

Осы жылдың 8-сәуірі шымкенттіктердің есінде ұзақ сақталатын сыңайлы. Себебі қыста жауып жарытпайтын қар, дәл сол күні төпеледі емес пе? Оның салдарынан ағаштардың бұтақтары сынып, кейіннен қаланың біраз бөлігі жарықсыз қалғаны белгілі. Міне сол кезден бастап, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбекұлының атына көптеген сындар айтылды. «Сын – шын болсын» деген. Оған қарата айтылған сындар мен шағымдар орынды еді.

 

Себебі, Нұрсадық Ергешбекұлы қаланың энергетика, коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларына жетекшілік етеді. Ал аталған басқармалардың қызметіне халық көп шағым айтатынын күнделікті өмірде де, ақпарат құралдары арқылы да көріп, біліп жүрміз. Соған қарамастан оның халық алдына шығып түсіндіру жүргізгенін, тиісті мекемелерге нақты тапсырма бергенін көрмегенбіз.

Жұрт алдына шыға бермейтін шенеунік осыдан бір жұма бұрын өзінің инстаграм желісіндегі парақшасына қайта оралды. Қайта оралды деуімізге ол инстаграм желісіндегі соңғы жазбасын өткен жылдың шілдесінде жариялаған екен. Содан бері тұнжырап тұрған парақшасына өзінің қандай салаларға басшылық ететінін жұрт есіне салып және алдағы уақытта халықпен тығыз байланыста болатынын жазып ақталғандай болыпты. Біз мұны оның сыннан қорытынды шығарғаны деп түйдік.

Одан соң бірер күннен кейін, яғни 21-сәуірде Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қала тұрғындарына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан әлеуметтік төлемдер мен коммуналдық шығындар үшін берілетін 15 мың теңге өтемақы туралы тақырыпта брифинг өткізді. Бұған дейін дәл осы Нұрсадық мырзаның құзырына қарасты бірнеше басқармалардың атқарып жатқан жұмыстарын атап айтқанда АӘК, төтенше жағдайға байланысты табысынан айрылған азаматтарға берілетін 42500 теңге төлем туралы және т.б. жұмыстарды тұрғындарға Ербол Садыр, Мақсұт Исахов сынды әріптестері баяндап келген. Бірақ Нұрсадық Ергешбектің бұл үрдісті бұзып, жұрт алдына енді өзі шығуын оның сыннан нақты қорытынды шығаруын сөзбен емес, нақты іспен көрсеткені деп білдік.

Сондай-ақ ол, өзінің инстаграмдағы әлгі жазбасында жұрттың оған жолдаған сауалдарын назардан тыс қалдырмайтынын айтыпты. Енді оның өз сөзіне қаншалықты берік болатыны жұрт бақылауында болатын болды.

 

А. ЖҰБАН.