ШҮКЕНОВАНЫҢ СӨЗІ ШЫН БА ӘЛДЕ ШЫҒАРЫП САЛМА ЖАУАП ПА?
Таралу географиясы кеңейген коронавирус туризм саласына да кері әсерін тигізуде. Пандемияға ұласқан індет салдарынан еліміздің 4 мың азаматы туристік сапардан бас тартқан. Шетелге шығып, саяхаттауды хош көретіндердің қатары Шымкентте де көп екені белгілі. Бірақ биыл жергілікті жердегі туристік агенттіктер жылдағыдай жұмыс қарқынымен бетпе бет келіп отырған жоқ.
Жуырда Шымкент қаласының бір топ туристік агенттігі орын алған төтенше жағдайға байланысты ақпарат берді. Бұл туралы жергілікті «Шымкент келбеті» газетінің фейсбуктегі ресми парақшасында жазылған.
Онда агенттіктердің туристерді карантиндік уақыт аяқталға дейін сабыр сақтауға шақырып жатқаны жазылған. Бұдан туристік агенттіктерге туристердің алдын ала жоспарланған саяхаттары үшін төлеп қойған ақшаларын қайтару туралы талаптар қойып жатқанын бағамдау қиын емес. Өз кезегінде «Quanysh» туристік ұйымының директоры Роза Шүкенова саяхатшылардың жасаған төлемақылары 15-сәуірден кейін сол кездегі доллар бағамы бойынша қайтарылып берілетінін алға тартқан.
Немесе оларға жағдайдың оңалуына қарай жаз немес күз мезгілдерінде туристерге тиімді бағыттар ұсынылатынын жеткізген. Желіде жарияланған жазбада Роза Шүкенова атынан «Негізінде қауіпті індеттің жер жүзіне тарап кетуі күтпеген оқиға болды. Мұндай жағдайда ешкім кеткен шығынды өтемеуге құқылы. Бірақ туристік операторлар клиенттердің қамын ойлап, алдағы уақытта да туристер алдында абыройын жоғалтпау ниетінде, өз ықыластарымен ақшаларын қайтарып беруге бекініп отыр. Бірақ дәл бүгін емес. Індеттің беті қайтсын. Жағдай қалпына келген соң қайтарылады», -деген жолдар келтіріліпті.
Жуырда отандық atameken-business телеарнасының сайтында еліміздің Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев «Дәл қазір отандық туризм индустриясы қиын жағдайды бастан кешіріп жатыр. Үкімет ел азаматтарының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, әрекетсіз, шара қолданбай отыра алмайды. Сондықтан 5 526 туристің шет мемлекетке шығуына шектеу қойылды. Олар 2 млрд. 700 млн теңгенің туристік жолдамасын кері қайтарады. Бүгінге дейін еліміздің 4 мың азаматы туристік сапардан бас тартты. Туроператорлар туристерден алған ақшаларын толық көлемде қайтарып беруге тиіс»,-деп мәлімдеме жасаған. Ал Роза Шүкенова болса «ешкім кеткен шығынды өтемеуге құқылы» деп айды аспанға бір-ақ шығарып отыр?
Роза Шүкенованың бұл «уәжі» қаншалықты шындыққа жақын? Ол бұл сөзін қай заңға сүйеніп отырып айтты екен? Ол жәй ғана ойдан шығарылған орам болса ше? Егер Р. Шүкенова осы сөзіне жүгініп, жұмысын жалғастыра беретін болса, қаншама адамның табандап жинаған қаржысы желге ұшады емес пе? Оның үстіне ол кісі төлемақылардың өтелу уақыты 15-сәуірден кейін іске асатынын айтып өтіпті. Ал бұл күнге дейін яғни, 15-сәуірге дейін елімізде төтенше жағдай режимі енгізілгені белгілі. «Жаман айтпай жақсы жоқ» егер, коронавирусқа қарсы шараларды тағы да күшейту мақсатында төтенше жағдай режимінің уақыты елімізде тағы да ұзартылатын болса ше? Сол кезде туроператорлар осы жағдайды желеу етіп, төлемақыны өтеу уақытын тағы ұзартып, сағызша созып жатуы да ғажап емес қой.
Мәселенің ақ-қарасын тиісті органдар анықтайды деп сенім артамыз.