«ХАЛЫҚ МИТИНГІГЕ ШЫҒУДАН ЕМЕС, АРНАЙЫ ЖАСАҚТАН ҚОРҚАДЫ»
Берік ДҮЙСЕНБИНОВ, ҚР Мәжіліс депутаты:
Кеше еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Мәжіліске «Бейбіт митинг туралы» заң жобасын жеткізді.
Осыдан біраз күн бұрын бұл құжат ұзақ талқыланатын процесс деп қадап айтқан министр, заң жобасы 9 аймақта талқыланып, азаматтардан түскен ұсыныстардың барлығы ескерілгенін айтты. Соның негізінде заң жобасындағы адам санына қатысты тармақ алынып, «рұқсат алу» тәртібі «хабарламаға» өзгертілгенін, журналистерге қатысты тарау бойынша бірнеше бап қысқарғанын жеткізді. Мәжіліс депутаттарының қарауына ұсынылған заң жобасында «бейбіт митинг азаматтарды Қазақстанның конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, тұтастығын бұзу, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге шақырса; әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік, топтық, рулық алауыздық қоздырса; қоғам қауіпсіздігін бұзып, басқа адамдардың өміріне қауіп төндірсе; көлік, инфрақұрылым жұмысына кедергі келтірсе; құжаттары заңға сәйкес келмесе, терроризм мен экстремизмді қаржыландырумен байланысты шетел азаматтары мен ұйымдар есебінен қаржыландырылса; ұйымдастырушы заң талаптарына сәйкес келмейтін адам болса бас тартылады»,- деп атап көрсетілген.
Заң жобасына қатысты депутат Берік Дүйсенбинов «25 адам көшеге шықса, 250 полиция қоса шығады. Халық митингіге шығудан емес, арнайы жасақтан қорқады. Соғыс болып жатқан сияқты. Сол арнайы жасақтың этикасы туралы енгізуге болмай ма? Біз оларды жау қылып болдық», -деп пікір білдірді.
Заң жобасы Мәжілістегі жұмыс тобында талқыланатын болады. Оған қоғам белсенділерінің қатысатыны немесе қатыспайтыны туралы әзірге нақты мәлімет жоқ.
Бұл жөнінде Азаттық Радиосы жазады.
«Уақыт».