«ЗАҢ ЖАЙ АДАМҒА БӨЛЕК, БАЙ АДАМҒА  БӨЛЕК БОЛҒАНЫ МА?!»

Депутаттың баласына қатысты шығарылған сот үкімі қоғамда қызу талқыға түсті

Апта басында Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотының «елге 403 млн теңге шығын келтірді» деп айыпталған Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының бұрынғы директоры Асылжан Жамалбековтың үстінен қозғалған қылмыстық іске қатысты шығарған үкімі қоғам арасында да, интернет кеңістігінде де қызу талқыға түсті.

Сот оған 4,5 млн. теңге айыппұл салып, үш жыл мемлекеттік қызметтен шектеді. Сот экс-шенеуніктің бұл ісін «абайсызда жасаған» деп пайымдап, оның бұл әрекетін аса ауыр қылмыс емес деп келтіреді.

Сот шешім шығарарда оның кінәсін мойындағаны, үш баласы барын ескерген. Соттың мұндай «төрелігі» желі қолданушыларының күлкісін тудырады. Кейбір желі қолданушылар «Сонда заң жай адамға бөлек, бай адамға бөлек болғаны ма?!» деп таңданады. Апта бойына қызу талқыға түскен бұл қылмыстық істің «қызығы» осыдан бірнеше жыл бұрын басталған еді.

Нақтырақ айтқанда, Асылжан Жамалбеков 2016 жылдың қыркүйегінде Шымкенттегі жұмыспен қамту орталығының директоры болып тағайындалады. Бұл оның сол кезде аталған орталыққа екінші рет директор болып тағайындалуы еді. Былайғы жұрт үшін атқарып жүрген қызметімен емес, Түркістан облыстық мәслихатының (сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы) депутаты Шәріпбек Жамалбековтың ұлы ретінде танылып үлгерген Асылжан Жамалбековтың директорлық дәуірі 2017 жылдың қыркүйегіне дейін жалғасады. Дәл осы аралықта оның басқаруындағы орталықтағы бірқатар мамандар жалған құжаттар мен мәлімдемелер негізінде өздерінің сыбайласы арқылы белгілі бір кәсіпкерлік субъектілерінің есеп шоттарына мемлекеттік бағдарламалар бойынша бюджеттен бөлінген қаржылардың аударылып отыруын қамтамасыз еткен. Жұмыспен қамтудағы бұл жымысқы тірлік сонау 2012 жылдан 2017 жылдың 30-сәуіріне дейінгі аралықта жүйелі жалғасып келген. Яғни, осындай тәсілмен барлығы 403 166 181 теңге көлеміндегі қазына қаржысы талан-таражға түскен. Бірақ «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» емес пе?! Арада біраз уақыт өтсе де, шындық сыртқа шығып, қылмыстық іс қозғалады.

Ақпарат көздері бұл іске экс-шенеуніктен бөлек, 14 адамның қатысы бар екенін, олардың барлығы да қамауда отырғанын хабарлаған. Олардың арасында полиция мен орталық қызметкерлері де бар. Ал Асылжан Жамалбеков ше?

Өз кезегінде Асылжан Жамалбеков 2017 жылдың қараша айында осы жағдайға байланысты қозғалған қылмыстық істерден жасырыну үшін қашып, ізін суытады. Көп ұзамай Шымкент Абай аудандық соты Асылжан Жамалбековке халықаралық іздеу жарияланғаны туралы шешім қабылданғанын ресми түрде мәлімдейді. Бұл 2018 жылдың қаңтар айы еді. Сол кезде мұндайды күтпеген біраз жұрт бұл істің соңы немен аяқталатынын білгісі келіп асыққан еді.

Арада тұп-тура екі жылдан аса уақыт өткеннен соң «түйені түгімен, биені бүгімен» жұтты деп күдіктелген азамат айыппұл төлеумен ғана шектеліп отыр.

Естеріңізде болса жыл басында құзырлы орған халықаралық іздеуде жүрген Асылжан Жамалбековтың полицияға өзі келіп, кінәсін мойындағаны туралы ақпаратты таратып, ол БАҚ-та жарыса жазылған еді. Бүгінде оның полиция органдарына келіп, кінәсін мойындауы 2019 жылдың шілде айында болғаны айтылып жатыр. Бұл ақпараттың осы күнге дейін бүкпеленіп келгендігі туралы сұрақ басы ашық күйінде қалып отыр.

Асылжан Жамалбековке халықаралық іздеу жарияланған кезде ол алаяқтық жасады, ұйымдасқан қылмыстық топты ұйымдастырып, басшылық етті деген күдікке ілінген. Алайда жыл басында сот санкциясымен үйде қамауда ұстау бұлтартпау шарасы қабылданған Асылжан Жамалбековке тағылған айып ҚР ҚК-нің 371-бабы 2-бөлігі «абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық» бойынша сараланды.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.

 А. САТЫБАЛДЫ.