МӘМС ЖҮЙЕСІ БОЙЫНША ШАҒЫМ ТӘУЛІК БОЙЫ ҚАБЫЛДАНАДЫ

Шымкент халқының 97,8 пайызы МӘМС қатысушысы болып табылады. Дей тұрғанмен ағымдағы жылдың 1-сәуіріне дейін кез келген пациенттің мәртебесі шартты түрде сақтандырылған. Сондықтан да медицина мамандары қандай жағдай болмасын, науқастардан бас тартпауы тиіс. Қазіргі таңда қалада тұрғындарға медициналық қызмет көрсететін мекемелер әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Олардың 32-сі мемлекеттік, 72-сі жекеменшік болып табылады.

Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша өңірлік штабтың отырысында айтылды. МӘМС жүйесін ойдағыдай жүзеге асырудың жай-күйі талқыланған жиынға қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев, қалалық әкімдік басқармаларының басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр жүргізді. Өз кезегінде ол халық денсаулығы үшін аса маңызды МӘМС жүйесі туралы тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын өз деңгейінде жүргізу қажеттігін қадап айтты.

Осы жылдың 1-қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген жаңа жүйе туралы ақпараттардың халыққа қолжетімді болуы үшін әрбір медициналық мекемеде арнайы тіркеу орындары мен анықтама бұрышы бар. Басқосуда сөз алған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Шымкент қалалық филиалының халықты ақпараттандыру, арыз-шағымдарды қарау бөлімінің басшысы Ахмет Биден  кез келген тұрғын МӘМС жүйесі бойынша өзінің қандай мәртебеге ие екені туралы ақпаратты біле алатындығын айтты. Ол үшін азамат тиісті мәліметтерді ХҚКО немесе кез келген медициналық мекемеге барып өзінің жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы ала алады.

Сонымен қатар қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев медициналық ұйымдарда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне төлемдер қабылдау үшін 38 терминал орнатылғанын мәлімдеді. Соның нәтижесінде қала тұрғындары төлемді медициналық ұйымдардың өзінде жасай алады. Бұл тұрғындар үшін тиімді.

Жалпы азаматтарға сапалы қызмет көрсету мақсатында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-да арнайы Call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Егер де мамандар дұрыс қарамай жатса, немесе ұзын-сонар кезекке тап болсаңыз 1406 шұғыл сымтетігіне хабарласып, шағым түсірсеңіз болады. Осы күнге дейін аталған орталыққа Шымкент қаласынан 45 шағым түскен. Онда айтылған мәселелердің барлығы дер кезінде қаралып, оң шешімін тапқан.