ШЫМКЕНТ:  ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖАСЫРМАҒАНДАРҒА 2 МИЛЛИОННАН АСТАМ СЫЙАҚЫ БЕРІЛДІ

 

Былтыр Шымкент қаласы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлама қалдырудан еліміз бойынша алғашқы бестікке енген.

Атап айтқанда, өткен жылы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1424 Call-орталығына азаматтардан сыбайлас жемқорлық фактілері туралы 1 000-ға жуық қоңырау түскен. Агенттікке тіркелген қоңыраулардың 148-і Түркістан, 137-сі Алматы облыстарынан болса, Алматы қаласынан – 112, Шымкенттен – 84, Нұр-Сұлтаннан – 76 қоңырау түскен.

Бұл мәліметті ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев отандық БАҚ-қа берген сұхбатында айтып берген.

Жуырда аталған агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жұмағали сол қоңыраулар бойынша атқарылған жұмыстарды саралады.

Орталыққа сыбайлас жемқорлық фактілері туралы сол 84 өтініш бойынша Шымкентте 9 қылмыстық іс қозғалып, заң бұзушылық бойынша екі үкім кесілген. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, орталыққа хабарласып, өтініш бергендерге қылмыс санатына байланысты 30-100 АЕК-ке дейін сыйақы тағайындалатыны белгілі. Соның негізінде ауыр емес қылмыс туралы белгі үшін 40 АЕК немесе 106 040 теңге, орташа – 50 АЕК немесе 132550 теңге, ауыр қылмыс үшін – 70 АЕК немесе 185 570 теңге, аса ауыр қылмыс үшін – 100 АЕК немесе 265 100 теңге сыйақы қарастырылған. Өткен жылы Шымкентте 14 адам ынталандырылды, оларға 2 миллион 137 мың теңге төленді.

А. САТЫБАЛДЫ.