ВИШИНГ-АЛАЯҚТАР АДАМДАРДЫ САН СОҚТЫРЫП ЖҮР
«Бірінші кредиттік бюро» мамандары тұрғындарды вишинг-алаяқтардан абай болуға шақырады. Олардың арбауына түспес үшін не істеу керек?
Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, алдымен, вишинг-алаяқтар туралы аз-кем ақпар бере кетейік. Вишинг-алаяқтар – өзінің әккі әрекетін телефон арқылы іске асыратындар. Өз кезегінде олар адамдарға телефон арқылы банк қызметкері болып хабарласып, азаматтардың жеке басына қатысты құпиялы мәліметтерге қанық болады. Құпиялы мәліметтерге карта иесінің жеке сәйкестендіру нөмірі, карта байланыстырылған телефон нөмірі, ағымдағы және жинақ шотының нөмірі болып табылады. Осы деректерге қол жеткізген соң вишинг-алаяқтар ақша аударымдарын бұғаттаған болып, клиенттің телефон нөміріне жіберілген SMS-хабармен келген кодты айтуын сұрайды. Осыдан соң олар клиенттің интернет банкиндегі телефон нөмірін өзгертіп, шоттарындағы ақшаны оңай басқаруға қол жеткізеді.
Құпиялы мәліметтер вишинг-алаяқтардың сіздің атыңыздан тауарлар мен қызметтерді сатып алуына, жаңа шоттар ашып, ақша аударымдарын жүзеге асыруына немесе несие рәсімдеуге жол ашады.
Осы ретте мамандар банк өкілдері ешқашан клиентке карта немесе алынған SMS бойынша деректерді ұсынуды талап етіп бірінші болып хабарласпайтынын, мұндай мәселелер бойынша кез келген байланыс тек клиенттің бастамасымен жүзеге асырылатынын қаперден шығармауды ескертеді.
Сондай-ақ олар, вишинг-алаяқтардың арбауына түсіп, оларға құпиялы ақпараттарды айтып берген жағдайда, шұғыл түрде өз банкіңіздің менеджері мен құқық қорғау органдарына хабарласып, шағым қалдыруыңызды сұрайды.
Бұдан бөлек, Сіз өз шоттарыңыздан күмәнді өзгерістерді байқасаңыз, оны қашықтықтан басқара алмасаңыз немесе өз картаңыз қызмет көрсете алмаса шұғыл түрде өз банкіңізге хабарласқаныңыз абзал.
С. НҰРАЙ.