ТҰРҒЫЛЫҚТЫ ТІРКЕУДІ ЭЛЕКТРОНДЫ ЖҮРГІЗУ НҰР-СҰЛТАНДА ЖИІ ІСКЕ АСАДЫ

 

Өткен жылы елімізде 2 миллионға жуық адам тұрғылықты тіркеу рәсімін жүргізген. Олардың ішінде 1,5 млн. адам бұл процесті халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы мамандар арқылы жүзеге асырса, 479 мың адам тіркеуге тұруды ХҚО-ның онлайн баламасы – egov.kz арқылы жасаған.

 

Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мәлімдейді.

Өз кезегінде аталған мекеме құжаттарды рәсімдеуді онлайн түрде жүргізетіндердің саны жыл сайын өсіп келе жатқанын алға тартады. Бұл қуанарлық жағдай. Қазіргі таңда халыққа қызмет көрсету орталықтарында тұрғылықты тіркеуді іске асыратын делдалдар бар екені жасырын емес. Мамандар азаматтардың электрондық жаңашылдықтың тиімділігін пайдаланып, тіркеуді онлайн түрде жүргізу сыбайластықтың алдын алып қана қоймай, уақытты үнемдеуге де зор ықпал ететінін айтуда.

Былтыр тіркеуді онлайн тәртіппен жүзеге асырған 500 мыңға жуық тұрғындардың басым бөлігі Нұр-Сұлтан қаласынан болған. Елордада 91 мың адам тіркеу рәсімін электронды түрде іске асырған. Одан кейінгі орында Қарағанды (39 мың) мен Павлодар облыстары (23 мың) тұр.

Ал ең төменгі көрсеткіш Атырау облысына (6 мың адам) тиесілі.

Бүгінде мекенжай тіркеуін жасату үшін тіркеуге қоюшы және тіркелуші тараптың электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы шарт.

С. НҰРАЙ.