КӨЛІКТЕРГЕ СӘНДІ НӨМІРЛЕР КӨП САТЫЛАТЫН АЙМАҚТАР АНЫҚТАЛДЫ
Қазақстанда 2014 жылдан бері көліктердің VIP санатындағы мемлекеттік тіркеу нөмірі сатылып келеді. Соған сәйкес, азаматтар көлік нөмірлеріне қалауынша сандар тізбегін таңдап, бірдей әріптерге тапсырыс бере алады.
Бүгінде елімізде ерекше сандар мен әріптердің тізбегінен тұратын VIP көлік нөмірлерін ең көп сатып алатын аймақтар тізімінде Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалалары көш бастайды. Дей тұрғанмен, 2018 жылмен салыстырғанда былтыр VIP көлік нөмірлеріне деген сұраныс айтарлықтай азайған. Мәселен, өткен жылы ел азаматтары 3,018 млрд. теңгеге тиісті мекеме арқылы 12500-ден астам ерекше тіркеу нөмірін сатып алған. Ал 2018 жылы ерекше тіркеуге тапсырыс бергендер саны 14900-ден асқан.
Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы хабарлайды.
Өз кезегінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы көлік иелері жаңадан сатып алған темір тұлпарына ерекше нөмірлерді мамандандырылған ХҚО немесе egov.kz арқылы онлайн тіркеу барысында таңдай алатынын, егер азаматтың бұрыннан VIP-нөмірі болса, жаңадан алған көлігіне алты ай ішінде сол нөмірді қайта рәсімдеуге құқығы бар екенін еске салады.
Қазіргі таңда елімізде VIP санатындағы көлік нөмірлерінің бағасы әртүрлі. Олар 57 АЕК-нен басталып, 285 АЕК-не дейін барады. Ал 2020 жылы айлық есептік көрсеткіш 2651 теңгеге тең екені белгілі.
С. НҰРАЙ.