ТМД КӨЛЕМІНДЕ ӨЗБЕКСТАН ӘЙЕЛДЕРІ ЗЕЙНЕТКЕ ЕРТЕ ШЫҒАДЫ

Өзбекстан елінде соңғы кездері халық арасында «зейнет жасы екі жылға ұзартылады» деген сөздер жиі айтылып кетті.

 Осыған орай елдің Қаржы министрі Жамшид Кучкаров өзінің твиттердегі парақшасында «Зейнетке шығу жасы ұзармайды» деп мәлімдеме жасап, алып қашпа әңгімелерге нүкте қойды. Өз кезегінде ол елдің зейнетақы жүйесіне әзірге ешқандай өзгеріс енгізілмейтінін қадап айтты.

Еске сала кетсек, қазіргі таңда Өзбекстан Республикасының азаматтары зейнетке ТМД көлеміндегі елдер арасында бәрінен ерте шығады. Онда әйелдер 55 жаста, ал ерлер 60 жаста құрметті еңбек демалысына ие болады. ТМД көлемінде әйелдер Ресейде 55,5, Беларусьте 56,5, Түркіменстанда 57, Қырғызстан, Тәжікстан, Молдавада 58, Украинада 58,5, Грузияда 60, Әзірбайжанда 60,5 жас зейнетке шығу жасы деп белгіленген.  Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 59,5 жасты құрайды. Бірақ бұл жас жыл сайын жарты жылға ұлғайып, 2027 жылға қарай қазақстандық әйелдер 63 жасында зейнеткер атанатын болады. Қазіргі таңда Армения ТМД көлемі бойынша әйелдердің зейнетке шығу жасы ең жоғары республика атанып тұр. Бұл елде әйелдер 63 жасында құрметті демалысқа шығады.

Ал ер азаматтар Украинада 60, Ресейде 60,5, Беларусьте 61,5, Түркіменстанда 62, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Армения, Молдавада 63, Әзірбайжанда 63,5 жасында шығады. Ерлері ең кеш зейнетке шығатын мемлекет Грузия. Онда ер азаматтардың зейнетке шығуы 65 жас деп көрсетілген.

С. НҰРАЙ.