ӘКІММЕН КЕЗДЕСУ АҚЫРЕТКЕ АЙНАЛМАУЫ ТИІС
Қазіргі таңда тұрғындардың әкімнің қабылдауына түсе алмай жатқаны туралы жанайқайлар әлеуметтік желіде, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамда көп талқыланатын мәселеге айналды. Қарапайым тұрғындардың әкімдердің емен есігін қағып кіретін заманы сағымға айналып кетіп бара жатқандай. Тұрғындар қазір есік қағу былай тұрсын, әрі кетсе әкімдік ғимаратының алдынан қайтып кетуі қалыпты құбылысқа айналғандай дерсің.
Себебі, ғимараттың кіре-берісі күзет полициясының күзетінде. Онда арнайы батырманы бассаң ғана есіктен емін-еркін өтетін құрылғы орнатылған. Тек әкімдік емес көптеген мемлекеттік органдардағы мұндай «қамал» шен-шекпенділер үшін мүдделерін қорғап, құқықтарын талап еткен тұрғындарды тойтарып тастаудың тиімді тетігіне айналып кеткені жасырын емес.
Бірақ халықпен бетпе бет кездесуден безетін бірқатар әкім-қаралар үшін ол құрылғы барлық жағдайда қорған бола бермейді. Осы аптада Алматы облысы әкімдігінде болған оқиға сол сөзімізге делел болады. Талдықорғандағы базарлардың бірінің саудагерлері Алматы облысы әкімдігіне келіп, өздерін облыс әкімі Амандық Батталовтың қабылдауын талап еткен. Бірақ әкімдіктегі күзет оларды ғимаратқа кіргізбеген. Содан соң тұрғындар ашуға булығып, әкімдіктің кіре-берісіндегі әр адамды тексеріспен кіргізетін құрылғының астынан тізерлеп өткен. Айғайға басқан саудагерлерді шенеуніктер сабырға шақырудан әрі аса алмаған. Олар облыс әкімі Баттоловтың келуін талап етіп, табандап тұрып алған. «Халық қаласа хан түйесін сояды» емес пе?! Батталов тұрғындардың талабын жерге қалдырмаудан басқа амал жоқ екенін түсініп, саудагерлердің алдына төрт сағат өткеннен соң әзер жеткен. Жанайқайын тыңдап, жаңа базар дайын болғанша, Талдықорған әкіміне саудагерлерді уақытша сауда орнымен қамтуды тапсырған. Осылайша «өгіз өлмейтін, арба сынбайтын» шешім шығаруға болады деген ұғым салтанат құрады.
Жалпы әкімнің қабылдауын талап ететін немесе қабылдауына түсе алмай жатқанына шағым айтып жататын осыған ұқсас жағдайлар өзге өңірлерде де жиі кездесіп жатады. Солардың қатарында Шымкент қаласы да бар. Жасыратыны жоқ, былтыр үшінші мегаполис тұрғындарының «қала әкімі қабылдасын, шықсын» деген жанайқайын талай рет көз көріп, құлақ естіп жатты. Мұндай жағдайлар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бірнеше рет көрсетілді. Бұл әсіресе былтыр көпбалалы отбасындағы әр бала үшін 1- сәуірден бастап 21 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалсын деген Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру барысы кезіндегі уақыттарда жиі орын алғаны белгілі. Әкімнің бетпе бет шығуын талап еткен тұрғындардың басым көпшілігі көпбалалы аналар болғаны да барлығына аян. Бірақ сондай кездерде әкімдер шығып, халықты сабырға шақырып жатқан картинаны көре алмадық. Көп балалы аналардың алдына оның орынбасарлары шығып, олардың базынасына ден қойғаны белгілі. Бірақ одан халықтың көңілі тола қоймасы анық. Бұл ретте біз әкімдер халықпен кездесуден үнемі қашып жүреді дегенді айтудан аулақпыз. Олардың әр апта сайын тұрғындарды жеке қабылдап жататынынан жақсы хабардармыз. Бірақ бүтін бір елді мекеннің немесе белгілі бір топтың басындағы проблеманы айтып, ашынып, амалы құрып жатқандай күйге енген тұрғындардың көкірегінен итермей, көңілін жықпай, керісінше оларды жылы қабылдап, тілегін тыңдап жатса кісілік емес пе?! Одан оның абыройы артпаса, беделі бүгіліп қалмайтыны ақиқат.
Кешегі аптаның жұмасында қала әкімі Мұрат Әйтенов былтыр атқарылған жұмыстарды қорытындылап, халық алдына шығып есеп берді. Сол кезде бір тұрғынның мына сөзі езуге күлкі келтірді. Өз кезегінде ол «былтыр Ғабидолла Әбдірахымовтың қабылдауына жазылдым. Енді кезегім келеді-ау деп жүргенімде ол кетті. Орнына Ерлан Айтаханов келді. Содан соң Айтахановтың қабылдауына тағы жазылдым. Ол да кетті. Енді сіздің қабылдауыңызға түсу үшін тағы жазылайын ба? Шаршап кеттім» деп сұрақты төтесінен қоя салды. Кезегінің жылжымауы оны біраз қынжылтқан шығар. Бірақ сол кезде оның айтқан сөздері біраз жұртты күлдіріп тастады. Тіпті Әйтенов те жымиып «Енді Шымкент халқы миллион. Мен жалғызбын. Сондықтан жұмыс істейік» деп, әкімдердің барлық тұрғындарды қабылдауға уақыты да, қауқары жа жетпейтінін ашық меңзеді. Бұл пікірге біз де қосыламыз. Дей тұрғанмен бір топ болып не болмаса көп болып келіп тұрған тұрғындарды қабылдау, оларға мәселені ашып айтып, жағдайды байыппен түсіндіру әкімдердің қашатын ісі емес, басты қағидатына айналса құба-құп болар еді.
С. ИБРАГИМОВА.