БИЫЛ ТҮРКІСТАН ТҮТІНГЕ ТҰНШЫҚПАЙДЫ

Соңғы жылдары жылыту маусымы басталғаннан бастап Түркістан қаласының аспанын көк түтін басатыны туралы жиі айтылып келеді. Сала мамандары мұны қаладағы үйлер мен кәсіпкерлік нысандарының көмірмен жылытылатындығымен байланыстырып келеді.
Осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл қаладағы барлық жылу қазандықтары табиғи газға қосылатын болады. Жерасты құбырлары жаңартылып, нәтижесінде көпқабатты үйлерге маусым бойы мардымды жылу жеткізіледі. Сондай-ақ, осы жылы қалаішілік 100 көше асфальт жабындысымен қапталады. Жарықтандырылған көшелер саны да көбейеді.
Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов 2019 жылы атқарылған жұмыстарын қорытындылау бойынша халыққа арнаған есебінде айтты. Шараға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты.
Қала әкімінің айтуынша жергілікті билік жолаушылар тасымалымен айналысатын «Жолаушы» ЖШС бірге 100 жаңа автобус алу мәселелерін пысықтауда екен. Бұл жұмыстар қаладағы бас ауыртар басты мәселе жолаушылар тасымалы қызметін сапаландыра түспек. Қазіргі таңда жергілікті тұрғындар осы бағыттағы жұмыстар бойынша орындалып жатқан істерге көңілі тола бермейтінін ашық айтып жатқаны белгілі. Оған қоғамдық көліктердің ескіргендігі, қызмет көрсету сапасының төмендігі басты себеп болып отыр. Бірақ Рашид Аюпов осы жылы жолаушыларды тасымалдаушы компанияға JPS орнату, жүру уақытын созу, билет беру, камера қою, кондуктор тарту және іштегі тазалықты сақтау сынды міндеттер қойылып отырғанын мәлімдеді. Бірақ бұл міндеттер қазіргі таңда толық орындалмағанын айта кеткен абзал.
Қала әкімінің есебінде атқарылған жұмыстардан гөрі алға қойған міндеттер көп екшелді. Соның бірі осы жылы қалада 270 камераның орнатылатыны. Қазіргі таңда шаһарда жұмыс істеп тұрған камера саны 230-ды құрайды. Сонымен бірге жыл соңына дейін қала тұрғындарының газбен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жететіні айтылды. Бүгінде шаһардың газбен қамтылу көрсеткіші 65 пайызды құрайды.