«ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАУ БОЙЫНША 608 ТЕКСЕРУ ӨТКІЗІЛДІ»

Берік БЕКЖАНОВ,
«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық
кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы:

Шымкент қаласы бойынша 422 бастауыш кәсіподақ ұйымының 34000-нан астам мүшесі бар. Сонымен қатар, қала аумағында 16 бастауыш кәсіподақ ұйымы ашылып, оған 826 мүше тартылған. Үшжақты комиссиямен жалақы қарыздарын шешу бағытында тиісті жұмыстар атқарылып, 2019 жылдың қорытындысымен 10 мекеменің 1293 жұмыскер алдында 192,8 млн. теңге жалақы қарызы бар екені анықталды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 1220 жұмыскерлердің еңбек құқықтары қорғалып, оларға жалпы 179,0 млн. теңге жалақы қарызы төленген. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табуда. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2018 жылмен салыстырғанда былтыр жұмыскерлерге жалақы қарызының соммасы 106 млн. 200 мың теңгеге азайған.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов мәлімдеді.
2019 жылда атқарылған жұмыстар қорытындыланған брифнгте Берік Айдарбекұлы есепті кезеңде 51 жазатайым оқиға орын алып, салдарынан 58 адам зардап шеккенін, оның ішінде қайтыс болған адам саны – 9, ауыр жарақат алған адам саны – 22, жеңіл жарақат алған адам саны – 27 болғанын атап өтті.
Кәсіподақ бірлестігіне мүше 8484 адам оқытудан өткен. Жалпы жұмыс жасайтын 1552 еңбек қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың 1512-сі немесе 97,5% біліктіліктерін көтерген. Еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша 608 тексеру өткізілген. Оның 134-і жұмыскерлердің бастамасымен жүргізілген. Нәтижесінде 538 еңбек заңдылықтарын бұзушылық анықталып, ол ескертпелер толығымен түзетілген. Кәсіподақ ұйымдары 78 еңбек дауын шешуге және 9 жазатайым оқиға орын алған жағдайларды зерттеуге қатысқан. Барлығы 57 жұмыс орны аттестаттаудан өткізіліп, өндірістік кеңес жұмыстарындағы еңбек қорғау және техника қауіпсіздігі бойынша 126 семинар өткізілген.
Осы деректерді алға тартқан Берік Айдарбекұлы ұжымдық шарт жасасудың жағдайына да тоқталды. Ол:
– 2019 жылдың басында жұмыс жасап тұрған жалпы 21661 кәсіпорынның 1063-де (4,9%) ұжымдық шарт жасалған, ал 20598 (95,1%) жекеменшік кәсіпорында ұжымдық шарттар жасалмаған. Өйткені оларда кәсіподақ ұйымдары ашылмаған. Жасалған 1063 ұжымдық шарттың 238-і мерзімі өтуіне байланысты барлығы жаңа мерзімге ұзартылып жасалған. Ал 178 ұжымдық шарт қайта жаңадан жасалған, — деді.
Сонымен қатар төраға былтыр 24-маусымда Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты қаланы қалпына келтіру мақсатында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйытқылығымен Арыс қаласының кіре берісіне құны 30,0 млн. теңгелік қала қақпасының құрылысы салынып, пайдалануға берілгенін де мәлімдеді. Жалпы құны 4,0 млн. теңгені құрайтын 40 адамға шипажайларға жолдамалар тапсырылғанын айтты.
Төтенше жағдайға байланысты алғашқы күндері Шымкентке Арыс қаласынан келген 400-ге жуық азаматтарға кәсіподақ орталығының «Южказпрофсервис» ЖШС жалпы сомасы 720,0 мың теңгенің көмегін көрсеткен. Атап айтқанда, адамдарға азық-түліктер, киім-кешектер, төсек орындары, гигиеналық заттар, балалар ойыншықтары мен өзге де қажетті заттар таратылған. Бұдан бөлек, оларға «Южказпрофсервис» ЖШС-нің есебінен 4 мезгіл ыстық тамақ берілген.