Тоқаев 60 пост шығарып миллион оқырман жинады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Instagram әлеуметтік желісіндегі оқырман саны миллионнан асты. Бұл туралы мәліметті Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді.
Өз сөзінде Берік Уәли мемлекет басшысының халықпен тікелей байланыс орнатуға жіті мән беретінін, тұрғындардың өтініш-тілектерін дер кезінде қарау үшін Қазақстан Президентінің виртуалды қабылдауы ашылғанын, бүгінде оған 6673 өтініш келіп түскенін айтқан.
Сондай-ақ ол, мемлекет басшысының инстаграм желісінен бөлек, твиттерді де белсенді қолданатынын атап өткен.
Естеріңізге сала кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасын өткен жылдың 1-сәуірінен бастап жүргізген болатын. Сол уақыттан бері жыл аяғына дейін ол өз парақшасына ресми шаралар, кездесулер мен сапарлары туралы барлығы 60 пост жариялаған. Бір қызығы ел президенті ешкімнің аккаунтына жазылмаған. Осы жылдан бастап мемлекет басшысы аккаунтына бейресми сәттерде түсірілген суреттер мен бейнероликтерді салуды жоспарлап отыр екен. Егер ол іске асса мемлекет басшысының желідегі оқырмандарының саны арта түсетіні сөзсіз.
Қазіргі таңда әлем бойынша оқырманы ең көп президент Дональд Трамп болып табылады. АҚШ президентінің инстаграм парақшасының 16,7 миллионнан астам оқырманы бар. Трамптың аккаунтындағы жарияланымдар саны бес мыңнан асып жығылады.