АЛПЫСҚА КЕЛГЕНІМЕ ӨЗІМ ДЕ СЕНБЕЙ ЖҮРМІН
Күллі оңтүстік тарихын жете зерттеген және сол зерттеулердің негізінде бірнеше романдар, жүздеген ғылыми-публицистикалық мақалалар, сонымен бірге бірталай дедективті хикаяттар мен қазақтың рулық құрылымы туралы әлденеше шежіре кітаптарын жазған, оңтүстік таланттары арасында өзіндік айрықша орны бар – жазушы, тарихшы, шежіреші, профессор Момбек Әбдәкімұлы бүгінде асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Біз жазушының осынау айтулы мерейтойына орай газет бетінде арнайы сұхбат ұйымдастырған едік…
– Біздің білуімізше, сізді жұрт алғашқыда журналист те, жазушы да емес, шежіреші ретінде таныпты. Енді айтыңызшы, жазушыға да, журналистке де, тіпті тарихшының өзіне жат кәсіп болып есептелетін, ғалымдар арасында ата тек генеологиясы ретінде танылып, ғылыми ортада онша назар аударыла бермейтін шежіреге неге құмартып жүрсіз?
– Әкемнің ағасы Садық атам өте шежіреші кісі болатын. Бәлкім шежіреге деген құмарлығым сол кісіден жұққан қасиет болар. Қалай дегенмен де, рулар шежіресіне бала күнімнен қатты қызықтым. Ол кезде ауыл-ауылдарда қазақтың жалпы руларының ауызша генеологиясын немесе бір рудың, бір аталықтың буындық шежіресін жатқа айтатын қариялар мол болушы еді. Бір біздің ауылдың өзінде бірталай білгіш қариялар болды. Мен жастайымнан осындай қарттардан әр әулеттің шежіресін сұрастырып, жазып алып жүрдім. Артынша жазғанымды жаттап алуға дағдыландым. Осылайша, оныншы сыныпты бітіргенде он бес ауылды жайлаған өз руымның шежіресін жатқа айтатын болдым.
Есейе келе, басқа рулардың да шежіресін жинақтай бастадым. Мені мұндай іске ешкім міндеттеген жоқ. Қазақтың рулық құрылымына ешкім мән бермей жүрген совет уақытының тұсында мен Қазақстанның сегіз облысындағы он мыңнан аса ауылды өз қаражатыммен аралап, үш жүздің шежіресін жинақтадым. Сондағы жинақтаған материалдарым бойынша, бірнеше рулардың шежіре кітаптарын шығардым.
Көп жұрт шежірені әр рудан тараған ұрпақтардың аталық буын бойынша кімнен кім туылғандығын көрсететін жәй бір кесте, болмаса діни наным-сенімнің негізінде пайда болған болымсыз догмалық құбылыс деп ойлайды. Ал менің көзқарасым және көп жылғы зерттеуім бойынша, бүкіл түркі халықтары арасында тек қазақ халқында ғана сақталып қалған шежіре тікелей тарих ғылымымен байланысты. Өйткені қазақ халқының өсіп-өркендеуін ауызша қалыпта жеткізетін шежіренің астарында талай тарихи шындық бар. Мен әр рудың шежіресінде айтылатын аңыз әңгімелердің барлығы нақты бір тарихи оқиғаның негізінде пайда болғанын көп дәлелдедім және шежіреге қатысты зерттеу мақалаларым мен кітаптарымның барлығында осыны көрсетуге тырыстым…
– Шежіре туралы айта берсек, әңгімеміздің ұзап кететіні себепті сөзіңізді бөлуіме тура келіп тұр. Ол туралы айтарымызды осымен тоқтатайық та, енді журналистикаға қалай келгеніңіз жайындағы әңгімеге көшсек…
– Әлбетте, мен журналистика саласына шежіренің арқасында келгенім жоқ, болмаса оған аспаннан түскендей тап бола кеткен емеспін. Оқушы кезімде-ақ аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарға әр түрлі тақырыптағы мақалалар жазып тұрдым. Әскер қатарынан келген соң, нақтысы 1980 жылдың басында жоғары оқу орнын бітірмегеніме қарамастан, «Фосфор үшін» деген газетке тілші болып жұмысқа тұрдым.
Содан кейінгі менің өмірімнің барлығы газеттермен байланысты болды. Ара-тұра көп жылдар жұмыс істемей, тек шежіре жинаумен айналыстым, архивтерден оңтүстік тарихына қатысты материалдар жинастырдым. 1990-шы жылдардан кейін аз ғана уақыт «Оңтүстік Қазақстан» газетінде тілші, одан кейін «Уақыт», «Базар жаңалықтары» сияқты газеттерде редакторлық жасадым. Осы жылдар ішінде жазуға әбден төселдік, оның қыр-сырын меңгердік.
– Біздің тағы бір білуімізше, бір кездері сіз «Қызық газетте» де қызмет жасап, жұрт таңдана-тамсана оқыған талай мақалалар жаздыңыз. Енді бір қызық сұрақ: сіз сонда жазған мақалаларыңыздағы кейіпкерлер, оқиғалар өмірде нақты болған ба?
– Мен «Қызық газеттің» тұрақты қызметкері емес, тек авторы болдым. Оның жанындағы «Заманаға» да солай жазып тұрдым. Ал енді «Қызық газетке» мен жазған мақалалардағы оқиғалардың барлығы өмірден алынған көріністер болатын. Мен ондағы ұтқаным – біріншіден, бір повестьке татитын өте үлкен көлемдегі мақалаларды жазуға машықтандым. Екіншіден, бүгінгі оқырманның нені және қандай стильдегі жазбаны оқитынын аңдадам. Қандай көлемді шығарма жазсаң да, алдымен ондағы оқиғаларды жеңіл тілмен өте қызықты етіп жазу керектігін ұқтым. Сонда ғана бүгінгі оқырманның талғамына сай қаламгер болуға болатынын білдім. Басқа жазушылар шығармаларында алдымен кейіпкердің образын ашуға талпынып, түрлі көркемдік тәсілдерге көбірек көңіл бөлетін болса, мен еңбектерімде алдымен қою оқиғаны алдыға қойдым, Сол қою оқиғалар арқылы кейіпкердің образын жасауға дағдыландым. Расында, кейінгі дедективті болсын, тарихи романдарым болсын, барлық шығармаларымда осындай әдеби әдісті қолдандым.
– Сіздің дедективті шығармаларыңыздың ішінде ең көп оқылғаны – «Сүлеймен қарақшы». Одан кейін «Қараман қарақшы», «Разборщиктің» жан сыры» деген кітабыңыз да бар. Осы еңбектердегі кейіпкерлер өмірде болған адамдар ма? Олар туралы деректерді қайдан жинастырдыңыз?
– Менің кітаптарымдағы бас кейіпкерлердің барлығы өмірде болған адамдар. Мәселен, «Разборщиктің» жан сыры» атты хикаяттағы бас кейіпкер өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында рэкетизм белең алған шақты қазақ намысын қорғаған жігіт. Ол жігіт менің жақын досым болатын. Хикаят алғаш рет жаңа сен айтқан «Қызық газеттің» бірінші нөміріне басылған. Сол хикаятқа жұртшылықтың қызыққаны сондай, бірнеше ондаған мың тиражбен басылған «Қызық газет» айналасы бір аптаға жетпейтін уақытта сатылып кетті.
Ал енді Сүлеймен де, Қараман да өмірде нақты болған адамдар. Жаңа 1980 жылдары ел аралап шежіре жинаумен айналыстым дедім ғой. Сонда шежіремен бірге батырлар мен қаһармандардың, билер мен шешендердің, датқалар мен болыстардың, жалпы ел аузында жақсы атымен қалған қазақтың өр кеуде тұлғаларының, жақсыларының да тарихын, өмірбаяндарын жинадым. Сол кезде Сүлейменнің де, Қараманның да көзін көрген, бірге жүрген сандаған кісілермен кездестім, әңгімелерін тыңдадым.
Бір қызығы, қандай қариялар болса да, осы екеуін қарақшы деп атай отырып, оларды құрметпен еске алады, атқарған істерін сүйіспеншілікпен айтады. Екеуін де сағынышты һәм жағымды естеліктерімен еске алады. Кейін мұның сыры неде екен деп ойласам, әлгі әңгімелердің астарынан ол екеуі тек қазақ мүддесі үшін тірлік жасаған екен. Екеуі де әр кезде кедейдің зарын тыңдаған, кембағалдың сөзін сөйлеген, жарлыға болысқан. Осы жолда небір қатерлі іске бас тіккен.
Әрине, кез келген қаһарманның кейбір іс-әрекеттері базбұзарлық пен бұзықтыққа ұласып кететіні хақ. Қарақшы атанған әлгі екеудің базбір істері жеке астың қамы үшін іске асқаны кәміл. Дегенмен бұлар өздерін Құдайдан басқанының бәрінен азатпыз деп есептеген, бойларындағы мінез ешбір заң аясына сыймайтын болған. Сондықтан олар кезінде совет үкіметін орнатқан қызылдармен де, оларға қарсы соғысқан басмашылармен де, ақ әскерлермен де күреске түскен.
Жарайды, олар туралы айта берсек, өзің айтқандай, сөз ұзарады. Бір анығы, ол екеуі туралы кітап өте қатты оқылды. «Сүлеймен қарақшы» жалпы тиражы 18 мың болып бес рет, «Қараман қарақшы» жалпы данасы 11 мың болып үш рет басылды. Оларды әлі күнге дейін сонау Ақтаудан, Атыраудан, Семейден оқырмандар телефон соғып сұрап жатады.
Одан соң еліміздегі бірнеше белгілі режиссерлар «Сүлеймен қарақшы» кітабы бойынша кино түсіруге әрекеттенді. Бір режиссер 25 сериялы киноның сценарийын жаздырды, біреуі бес сериялы кино шығарамын десе, біреуі әр сериясы екі сағаттан тұратын екі сериялы фильм түсіремін деді. Бірақ бәріне ақша қолбайлау болып, діттеген мақсаттарына жете алмады. Қазір ол кітап орыс және түрік тілдеріне аударылып жатыр.
– Бұлармен қатар сіз бірнеше тарихи романдар жаздыңыз. Тарихи тақырыпқа ден қоюыңызға не себеп болды?
– Мен бала кезден кітап оқуға аса құмар болған адаммын. Өмірімде бес мыңнан аса кітап оқыппын. Негізі, мен білімді сол кітаптардан алдым. Бірақ оқыған кітаптарымның арасында оңтүстік қазақтарының шынайы тарихына қатысты жазылған шығармаларды көрмедім. Содан өзіміздің оңтүстіктің тарихын зерттей бастадым. Совет үкіметі кезінде және тәуелсіздіктен кейінгі жылдары осы мақсатпен Ташкент, Наманған, Ферғана архивтеріне көп рет кірдім. Ташкенттегі Науаи атындағы кітапхананың сирек кітаптар қорындағы байырғы және кейінгі өзбек, тәжік, парсы тарихшыларының оңтүстік қазақтарына қатысты жазған шығармаларымен көп жыл бойы таныстым. Солармен бірге Қызылорда, Тараз, Алматы архивтеріндегі, кітапханаларындағы тың мәліметтерді молынан жинастырдым. Ал өзіміздің Шымкенттегі облыстық архив өз үйімдей болды.
Сөйтіп, Ташкент, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстары қазақтарының соңғы төрт-бес ғасыр ішіндегі тарихын аса көп көлемде жинақтадым. Осы зерттеулерім мен ізденістерімнің нәтижесінде, ХV ғасыр мен ХХ ғасыр аралығында оңтүстікте кезең-кезеңдерде болып өткен қадау-қадау тарихи оқиғалардың барлығы баяндалған жүздеген ғылыми-зерттеу мақалалар жаздым.
Екі жүз жылдан астам уақытқа созылған қазақ-қалмақ соғысының екінші кезеңі басталған уақыт, нақтысы 1781-84 жылдар арасында ойраттардың Сайрамға жасаған алапат шабуылы хақында көркем әдебиет тұрғысында кең көлемде мәлімет беретін «Сайрам қасіреті», ХVІІІ ғасырдың ортасынан бастап аяғына дейін шартты түрде оңтүстік өңіріне жататын үш облыстың аумағын тұтастай қамтыған қазақ-қырғыз қақтығысы мен сол уақыттағы Ташкент қаласы мен оның айналасындағы қазақтардың тарихын ашып көрсеткен «Күн тұтылған мезгіл», зерттеушісі жоқтықтан әлі күнге дейін біздің тарихи әдебиеттерден шет қалып келген – 1808-65 жылдар аралығындағы Қоқан хандығының басқыншылығы жайынан мол хабар беретін «Естемес би», «Дүрбелең», 1864 жылы оңтүстік өңірді жаулауға кіріскен орыс отаршылдығының ақиқаты мен өңірімізде ХХ ғасырдың басындағы орын алған күрделі саяси оқиғалар бейнеленген «Түркістан өлкесіндегі ойран» атты тарихи романдар жаздым.
1928 жылы өткен оңтүстік өңіріндегі байларды тәркілеу науқаны кезінде іске асқан нақты тарихи оқиғаларды да тізбектеп өз алдына бір еңбек еттім. Бәрінен бұрын 1931-33 жылдардағы ашаршылық тарихын көп зерттедім. Неліктен бүкіл Қазақстан бойынша бір жылда және бір айда алапат ашаршылықтың бірден басталып кеткенінің сырын аштым. Сол зұлматта біздің облыста қанша адамның аштықтың құрбаны болғанын, қанша адамның шет жаққа ауып кеткенін болжамды түрде анықтадым. Және осы қасірет туралы «Зобалаң» атты деректі романды өмірге келтірдім.
«Зобалаң» 2018 жылы бұрынғы облыс әкімінің қолдауымен мың дана болып шыққан еді. Оның да оқырмандары бірден көбейіпті. «Зобалаңның» оқырмандарды қатты қызықтырғанның куәсі болса керек, жуырда Алматыдағы «Дария» баспасы оны маған айтпай екі мың данамен қайта басып шықты және кітапқұмарлар арасында осы кітап бойынша бәйге ұйымдастырды. Енді оны тағы бір баспа бес мың данамен басып жатыр. Оны оқып шыққан көп оқырмандардың бірсыпырасы «мына кітапты жыламай, жүрек ауырмай оқып шығу мүмкін емес» деді маған. Тіпті екі оқушы хабарласып: «Аға, қазақ халқы мынадай қасіретті шынымен басынан кешті ме? Сұмдық қой, мына кітаптағы оқиғалар! Әттең-ай, осы кітаптың желісі бойынша кино түсірілсе, қандай ғажап болар еді» деген еді.
Өлке тарихын көркем әдебиет арқылы көрсетуден бөлек, Түркістан облысының екі томдық, Шымкент қаласының бес жүз беттік бір томдық тарихын жазып шықтым. Сондай-ақ «Қазығұрт ауданының тарихы», «Келес және Сарыағаш аудандарының тарихы», «Төлеби ауданының тарихы» сияқты еңбектерді жарыққа шығардым. Бұл кітаптарда әр өлкенің екі мың-екі жарым жылдық тарихы кезең-кезеңдерге орай қысқаша түрде нақты архивтік құжаттармен берілген. Енді басқа аудандардың да тарихын осы тәсілмен жазу үстіндемін.
– Иә, Момбек аға, алпыс жыл ішінде талай істі тындырып тастағаныңыз еңбектеріңізден көрініп тұр. Дегенмен өткен күндерге деген өкінішіңіз бар ма?
– Негізі, мен өте жалқау адаммын. Қанша іс істесем де, бұрындары түк бітірмегендей күй кешіп жүрем үнемі. Өткен күндерде қанша уақытым пайдасыз істерге жұмсалып, бекерге өтті. Қазір де жарытып жатқаным шамалы. «Парманқұл қарақшы» деген хикаятым, «Ер Жабай» сияқты романым және «Күн тұтылған мезгілдің» екінші кітабы жартысына келіп тоқтап тұр. Бір үлкен шежіре кітабын қолға алып едім, оны да бітірмей жүрмін. Кей күндерім, құр сенделіспен босқа өтеді. Бірақ жасымның алпысқа келіп қалғанына әлі сенбеймін. Көңілімде әлі талай шығарма жазамын деген үмітті ой басым. Бірақ ойға алған жоспарды өмірі уақытында бітіре алмайтын әдетім жаман…
– «Алпыс – тал түс» дейді атам қазақ. Осы қағидаға сенсек, әлі де талай істі ойдағыдай орындап шығатыныңызға сенеміз. Осы күнге дейін талай іс бітіргеніңізді өзіңіз білмесеңіз де, жалпы жұрт біледі. Сіз оңтүстік тарихының тарланы, дедектифті жанрының корифейі атанып үлгерген жансыз. Алдағы уақыттарда бұрынғы шығармаларыңыздан да мықты кітаптарды өмірге келтіретініңізге бек сенімдіміз.
Сізге келешекте зор денсаулық, биік шығармашылық та быстар тілейміз! Әрқашанда халықтың көңілінен шығатын қарымды қаламгер қалпыңыздан таймауыңызға тілектеспіз!
Сұхбаттасқан:
Салтанат ИБРАГИМОВА.