КЕЛЕР ЖЫЛДЫҢ КЕЗЕКТІ ӨЗГЕРІСТЕРІ ҚАНДАЙ?

Бірер күннен соң қазақстандықтар 2020 жылға аяқ басады. Жаңа жылдың ақ парағы қандай оң өзгерістермен басталады. Бұл туралы басты мәліметтерді оқырмандарымызға жеткізуді жөн санадық.

Сонымен, 2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап еліміздегі барлық көпбалалы отбасыға тапқан табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Ай сайын төленетін жәрдемақы кәмелетке толмаған төрт және одан көп немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға да табысталады. Жәрдемақы жанұядағы бала санына қарай есептеледі. Соған сәйкес, төрт баласы бар отбасыларға – 42 496, бес балаға – 53 127, алты балаға – 63 757, жеті және одан да көп балаларға – 74 388 теңгеден төленеді. Сондай-ақ, жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті төлеу жүйесі өзгереді. Яғни, көмектің бұл түрі бұрынғыдай алты немесе он екі айға емес, тоқсан сайын тағайындалады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартса, сол отбасыға атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тоқтатылады.
Бұған қоса, атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтама беріледі. Соның негізінде отбасының мектеп жасына дейінгі балалары азық-түлік, гигиеналық құралдармен қамтылады. Ал мектеп жасындағыларына тегін ыстық тамақ, мектеп формасы мен оқу-құралдары беріліп, күнделікті мектепке барып-келуге жұмсалатын жол шығыны өтеледі.
Қол бұлғап тұрған келер жылы бірқатар сала қызметкерлерінің еңбекақысы бірнеше пайызға артады. Атап айтқанда, 1-шілдеден бюджет қызметкерлерінің айлығы 30%-ке артады. 2020 жылдың 1-қаңтарынан мұғалімдердің айлығы 25%-ке, мәдениет саласы қызметкерлерінің айлығы 35-50%, әлеуметтік сала қызметкерлерінің айлығы 30-60%-ке ұлғаяды деп күтілуде.
Бұдан бөлек алдағы жылы бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2 651 теңгеге тең болады. Тиісінше нәресте дүниеге келгенде берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы көлемі де өседі. Енді келер жылдан бастап, бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК көлемінде немесе 100 738 теңге жәрдемақы беріледі. Төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК көлемінде немесе 167 013 теңге төленеді. Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді. Естеріңізге сала кетсек, бала туылғанда берілетін жәрдемақы республикалық бюджет есебінен жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге беріледі.
Бір жасқа дейінгі баланың күтіміне байланысты төленетін жәрдемақының мөлшері жұмыс істемейтін әйелдер үшін отбасындағы балалар санына қарай сараланады. Яғни, бірінші балаға –15 270, екінші балаға – 18 054, үшінші балаға –20 811, төртінші және одан да көп балаға –23 594 теңге төленеді.
Декретке дейін жұмыс істеген әйелдерге бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты төленетін ай сайынғы жәрдемақы тиісті тәртіппен есептеледі. Дәлірегі, соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентіне көбейтіп, одан шыққан сомадан 10% зейнетақы жарнасы алынады.
2020 жылы ең төменгі базалық зейнетақы 800 теңгеге ұлғайып, 16 839 теңгені құрайды. Биыл ең төменгі зейнетақының мөлшері 36 108 теңге болса, келесі жылы 38 636 теңгеге жетеді. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі – 31 183, ең төменгі жалақы – 42 500 теңгені құрайды.
Келесі жылы төлқұжат пен жеке куәлік алу қымбаттайды. Соған орай, паспорт алуға мемлекеттік баж салығы – 21 208 теңге болса, жеке куәлік – 530 теңгені құрайды.
2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап студенттердің шәкіртақысы көбейеді. Бакалавриатта оқитын студенттер – 20 949 теңгеден 26 186 теңгеге дейін, магистратурада білім алатындар – 53 530 теңгеден 66 913 теңгеге дейін, докторантурада оқитындар – 81 998 теңгеден 102 498 теңгеге дейін шәкіртақы алады. Өз кезегінде шәкіртақының 25 пайызға өсуі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жастар жылын» қорытындылау кезіндегі салтанатты шарада айтқан тапсырмасы аясында іске асады.
2020 жылдың алғашқы күнінен бастап денсаулық сақтау саласы бойынша пациенттерді қабылдау мен емдеу міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жүргізіледі. Соған сәйкес, 1-қаңтардан бастап жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар медициналық сақтандыру қорына жарна аударуға міндеттеледі. Жарна көлемі жұмыс берушілер үшін – жалақы қорының 2%-і,жұмысшылар үшін еңбекақының 1%-і, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, жеке практикамен айналысатын тұлғалар – 1,4 ЕТЖ-нің (ең төменгі жалақы) 5%-і, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшартпен жұмыс істейтіндер – табысының 1%-і, өздігінен төлеушілер – 1 ЕТЖ-нің (ең төменгі жалақы) 5%-ін құрайды.
Ал жеңілдікке ие азаматтардың 15 санатына жатқызылатындар үшін тиісті жарнаны қорға аудары мемлекет есебінен жүргізіледі.
Осы ретте кепілдендірілген тегін медициналық көмек бойынша емдік шаралар жүргізу тәртібі сақталатынын да айта кетейік.
Келер жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 31 183 теңгеге тең болатынын айтып өттік. Енді алдағы жылы ай сайынғы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға кепілсіз кредит рәсімделмейді. Бұл тізімге жұмыссыздар да қосылады. Себебі, банктен кепілсіз несие алу үшін үшін соңғы 3-12 айдағы ресми табысты көрсету қажет.
Сонымен қатар, банктерге кредит бойынша берешегі 90 күннен асып кеткен азаматтарға несие рәсімдеуге тыйым салынады.

М. ӘБДІРАЙЫМ.