Ташқараев төрағалықтан босатылды
Осы жылы елімізде көптеген кадрлық ауыс-түйістер орын алды. Тосын тағайындаудың бірі Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекет басшысы қызметінің сеніп тапсырылуы еді.
Бұл өзгерістен соң билік тұтқасындағы біраз азаматтардың жұмысы жаңарды. Солардың қатарында Бауыржан Байбектің «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалуы еді. Ол оған дейін еліміздегі ең ірі мегаполис Алматы қаласының әкімі болған. Сол кезде ірі мегаполисті басқарып, ел аузында жүрген Бауыржан Байбектің саясат сахнасындағы өмірі біраз тыныштала түсетін шығар деген болжам жасалған. Бірақ барлығы жұрт күткендей болмады.
Ол қысқа уақыт ішінде қатқыл сөйлеп, батыл қадам жасайтындығымен ә-дегеннен-ақ жұрт назарына бірден түсті. Бұл ретте оның шілде айының басында өзінің Твиттер парақшасы арқылы партияның сол кездегі Түркістан облысы филиалы төрағасының орынбасары болған Нұрмахан Жолдасовқа қатаң шара көруі болды. Өз кезегінде ол өзіне келіп түскен арыз-шағым негізінде Саяси кеңестің аймақтық Бюросына
Н. Миятұлын партия қатарынан шығаруды талап еткен-тін. Сонымен қатар ол, партияда ішкі «тазалау» жұмыстарын да жандандыруға бел буатыны туралы жеткізгені есімізде.
Осы жылдың қыркүйегінде ол саяси ұйым тәртібін орындауға селқос қараған депутаттарды да партия қатарынан шығаруға дейін бару керектігін жеткізе келе «Біздің қатарымызда қойшы да, мұғалім де бар. Партия мүшелерінің 6 проценті – мемлекеттік қызметкерлер. Бірақ дәл осы 6 процент үнемі қоғамның бақылауында жүреді. Бүгінде нақты тәртіп бар. Адамдар сол тәртіптің сақталғанын қалайды. Сол себепті партиялық тәртіпті күшейтуіміз керек. Сөз бердік пе? Оны орындау қажет», — деген.
Байбектің бастамасымен қолға алынатын сол батыл шаралар Шымкентте де көрініс тауып жатқандай. Жуырда «Nur Otan» партиясы хатшысының ұсынысы бойынша Ғани Ташқараевтың партияның Шымкент қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы міндетінен босатылуы соның жарқын мысалы. Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы болып табылатын Ғани Әбдіғаниұлының май шаммен қаралатын мәселелерді екшейтін қоғамдық кеңес төрағасынан босатылуын Бауыржан Байбектің әуелде айтып өткен «тазалау» жұмыстарына жатқызуға болмайды. Дегенмен де мәсхатшының аталған кеңес төрағасынан босатылуының астарында бір гәптің бары анық сияқты.
А. САТЫБАЛДЫ.