Елімізде 2,2 млн. гектар ауыл шаруашылық жері игерілмей тұр Ал, оған тек жергілікті әкімдік кінәлі ме?

Осыдан екі ай бұрын ел арасында ең көп талқыланған тақырыптың бірі – мақсатты түрде игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы еді. Сол кезде жұрт елдің ен байлығын иеленіп алып, е өзіне, е өзгенің де пайдасына жаратпай, өздерін жартықұдай сезініп жүретіндерге тықыр таянғанын, бұл дұрыс әрі дер кезінде қабылданған шешім екенін желі арқылы жарыса жазып, Тоқаевтың «арқасынан қаққан» адамдарда есеп болмаған. Мемлекет басшысының Жолдауда жүктеген осы тапсырмасынан соң Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мәселеге шындап кіріскендей болып, нақты шаралардың қабылданатынын айтқан. Бұл туралы отандық БАҚ жазған. Тиісінше қоғам белсенділері де Президенттің сол тапсырмасына сүйене отырып, жерді мақсатсыз иеленгендерге қолданылатын тиісті шаралардың сөзден іске көшетін уақыты келгенін айтудай-ақ айтып келе жатыр. Бірақ мәселені орындауға келгенде жергілікті атқарушы органдар жұмған аузын ашуға асықпағаны белгілі еді.
Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына барған сапары кезінде Жолдауда айтылған тапсырманы орындауға құлық танытпаған шенеуніктерді сын тезіне алып, түйіткілді түйінді көрмей жатқан шіркіндерге шара көрілетінін қадап айтты.
Содан бірер күн өткеннен соң еліміздің Ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров игерусіз жатқан ауыл шаруашылық жерлерінің салығы 20 есеге көбейетінін, бұл бағыттағы заң жобасы әзірлену үстінде екенін мәлімдеді. Сонымен қатар ол, облыстық мәслихаттар мақсатты түрде қолданылмай жатқан телімдерге салықты 10 есеге өсіруге уәкілетті екенін де айтты. Министр салық көбейгеннен соң жерді негізсіз иеленгендер оны мемлекет меншігіне өткізеді деп болжап отыр. Министрдің бұл болжамы қалай іске асатыны әлі белгісіз.
Жерді игермегендермен күрес жұмыстарына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңілі толмаса, ал Ауыл шаруашылық министрі бұл бағыттағы жұмыстарды орындауда жергілікті әкімдіктер сылбырлық танытқанын ашық айтты. Оның айтуынша жерді бақылау міндеті 2014 жылы жергілікті әкімдіктерге жүктелген. Содан бергі уақытта тиісті тексеріс 2,7 есе, анықталған кемшіліктердің көзін жою 4,5 есе қысқарған екен. Осыны тілге тиек еткен министр жергілікті әкімдіктер тиісті жұмыстарды пысықтау қажеттігін қатаң ескертті.
Бүгінгі таңда Ауыл шрауашылығы министрлігінің жергілікті әкімдіктермен бірлесе жүргізген жұмысының нәтижесінде, елімізде 2,2 млн. гектар жердің игерілмей жатқаны белгілі болған. Олардың барлығы да мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Осыған орай 400 мың гектар жерге қатысты материалдар сот қарауына өткен. 1,2 миллион гектар жерге қосымша тексеріс жүргізіліп, оның материалдары сотқа дайындалу үстінде болса, 600 мың гектар жерге бақылау шаралары қолға алынған.
Осы деректерді хабарлаған Сапархан Омаров алдағы уақытта жерді тиімсіз пайдаланғандардың тізімі жарияланатын «Блэклист» реестрі құрылатынын да жеткізді. Ведомства басшысы сол реестрге есім-сойы енген азаматтардың мемлекеттік қолдау мен түрлі жеңілдіктерден қағылатынын да құлаққағыс етті.
Жерді мақсатсыз игергендерге қарсы күрес жұмыстары бойынша жүзеге асатын осы және өзге жұмыстар туралы мұндай мәліметтерді министрдің бұған дейін емес, Президент сынынан соң таратып жатқаны сәйкестік пе әлде сыннан соң нақты іске көшу ме? Қайткен күнде де аяғы нәтижелі болсын.

Қ. ҚАЛИЕВ.