«Тұрғындар талабы әр күні тыңдалады»

Осы аптада Шымкент қаласы, Абай ауданының әкімі Ғалымжан Төлепов ағымдағы жылдың 10 айында атқарған жұмыстарын қорытындылады. Өз кезегінде Ғалымжан Төлеповтың бұл қызметке тағайындалғанына екі айдан енді асқанын ескерсек, жыл басынан бері бүгінде дейін тындырылған тірліктерге оның қосқан үлесі айтарлықтай сүбелі болмағанын болжау қиын емес.

Дей тұрғанмен, ауданда орындалған жұмыстардан бөлек, шешімін күтіп отырған шаруалар шаш етектен. Өзекті мәселелердің өзегін тарқатуда Ғалымжан Төлеповтың қандай нәтижеге қол жеткізетінін алдағы күннің еншісіне қалдырайық. Ал әзірге оның Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта жыл басынан бері атқарылған жұмыстары туралы мәліметін саралап көрелік.

Абайдағы 10 елді мекенде ауыз су мәселесі ақсап тұр

Абай ауданындағы бірқатар елді мекендерде ауыз су мәселесі ақсап тұр.

Мәселен, ауданда 34 елді мекен бар болса, соның 24-і немесе 76,5 пайызы сапалы ауыз сумен түгел қамтылған. Ал қалған 10 елді мекен тұрғындары жер асты суын тұтыну немесе тіршілік нәрін тасып ішуден басқа амалы қалмауда
Ғалымжан Төлепов, алдағы жылы аудандағы елді мекендердің ауыз су жүйесіне қосылу көрсеткішін 81,7 пайызға жеткізу жоспарлануда екенін айта келе: «Ақжар», «Айкөл» елді мекендеріне ауыз су жүйелерін тарту жұмыстары биыл аяқталады. Ал 2020 жылы «Жаңаталап» тұрғын алабында су жүйесін тарту жұмыстары басталады. Сондай-ақ, келер жылы 2 млрд. 168 млн. теңгеге «Жаңаталап», «Қызылжар», «Игілік», «Тәуелсіздікке 20 жыл», «Көкбұлақ» тұрғын алабтарындағы 3 707 үйге ауыз су жүйесін жүргізу жоспарлануда»,-деді.
Ғалымжан Әнуарұлы бүгінде қалалық энергетика коммуналдық шаруашылық басқармасы «Ақтас», «Солтүстік саяжай», «Ынтымақ-2», «Батыс» елді мекендеріндегі 11 мыңнан астам тұрғын үйге ауыз су жүйесін тарту үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттар дайындап жатқанын айтты. Бұл үшін бюджеттен 86,1 млн. теңге қаралған.

«Құрсайға» сапалы жарық жететін күн жақын

Аудан аумағында бірқатар елді мекендер сапалы жарыққа жарымай отыр. Мәселен, 10 елді мекен электр қуатын жекеменшік трансформатордан тартып алған. Бұл тұрғындар үшін үлкен қолайсыздық тудыруда. Себебі, жекеменшік трансформаторлар арқылы жарыққа «жарып» отырған ел-жұрт қуат көзінің әр кВт үшін 22-28 теңге төлейді. Ал әдеттегі тариф 15,72 теңге. Сонымен қатар, жекеменшік жүйесіндегі электр желілері мен бағаналар ескіргендіктен жарық жиі өшеді. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының бас ауыртар осы мәселесіне нүкте қою үшін «Құрсай», «Самал-3» шағын ауданы аумақтарындағы 7112 үйді электр жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын «Электромонтаж” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орындауда. Нысанның аяқталу мерзімі 2019-2020 жылдарға жоспарланған. Мердігерлер өз міндетін кестеге сәйкес орындаса аудандағы елді мекендердің сапалы жарықпен қамтылу көрсеткіші 88,3 % құрайтын болады. Бүгінде бұл көрсеткіш 78,3 пайыз.
Қазіргі таңда жарық мәселесі жыр болған «Ақтас-2», «Солтүстік саяжай», «Батыс», «Ынтымақ-2», «Ақжар», «Айкөл», «Жаңаталап», «Игілік», «Тәуелсіздікке 20 жыл» атты елді мекендердегі 14 мыңға жуық тұрғын үйге электр жүйелерін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Осы деректерді алға тартқан Ғалымжан Төлепов бүгінде қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына аудандағы «Ынтымақ-2», «Солтүстік саяжай», «Ақтас» шағын аудандары мен «Тәуелсіздікке 20 жыл», «Арғымақ», «Айкөл», «Ақтас», «Құрсай» елді мекендерін көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттарды дайындау туралы ұсыныс берілген. Бұл жерлерде жалпы саны 12 мыңнан асатын үй бар. Сондай-ақ ол, осы жылы «Алтын төбе» тұрғын алабындағы 218 үйге газ құбырын тарту жұмыстары басталғанын, нысанды 2020 жылы пайдалануға беру жоспарланып отырғанын айтты.
Жалпы аудан аумағында 34 елді мекеннен бөлек, 453 көпқабатты тұрғын үй бар.

Алдағы жылы алпысқа жуық көшені асфальттау міндеті тұр

Қазіргі таңда аудан аумағында 1025 көше бар. Оның 53,2 % асфальтталған. Бұл барлығы 581,4 шақырымды құрайды. Аудан көшелерінің 36,8 % тас жол болса, 10,0% немесе 103 көше топырақ жолдар. Биыл 25,8 шақырымды құрайтын 21 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жасалған. Нысандардың бірқатары келер жылға өтпелі. Соның бірі Әл-Фараби көшесінің жалғасы. Келер жылы Бадам өзенінің үстінен өтетін көпір құрылысы аяқталады. Ал Темірлан тас жолы мен Мангелдин көшелерінің қиылысындағы жерүсті өткелінің құрылысын жыл аяғына дейін аяқтау межеленген. Абай ауданы әкімдігі келер жылы 59 көшеге асфальт төсеу жұмыстарын қолға алмақ. Осы бағытта қалалық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бюджетті нақтылау жоспарына тиісті ұсынымдар жолданған.
Осы және өзге де жұмыстарды мәлімдеген аудан әкімі әр жұмыс күні сағат 09:00 мен 10:00 аралығында тұрғындардың талабын тыңдайтынын тілге тиек етті. Өз кезегінде ол әкім мен оның орынбасарларының қабылдауында болу үшін тұрғындардың алдын ала жазылуы қажет емес екенін айтты.

Ж. АРМАНОВА.