Қыстың қамын жазда ойласақ…

Созақ ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің 2019 жылы атқарған, алдағы атқарылатын жұмыстары туралы осы салаға жауапты бөлім басшысы Бауыржан Әбенұлымен шағын сұхбат жүргізген едік, сол сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Бауыржан Әбенұлы, бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі саналатын халықты ауыз сумен қамту жұмыстары ауданда қандай дәрежеде жүргізілуде?

– Аудандағы орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтылмаған 6 елді мекендерге атап айтқанда, Қайнар, Раң, Шаға, Көктөбе, Ақсүмбе, Абай елді мекендерінің ішіне су құбырын жүргізуге, облыстық бюджеттен 2018 жылға қаржы қаралған болатын. Аталған елді мекендерді сумен жабдықтау үшін заңға сәйкес облыстық сатып алу басқармасы арқылы мемлекеттік сатып алу жұмыстары ұйымдастырылған. Нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, жеңімпаз мердігерлермен келісім шарт түзіліп жұмыстар 2018 жылы басталған. Аталған нысандардың құрылысы 2019 жылға өтпелі. Көктөбе елді мекенінің сумен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталып, қабылданған. Қалған бес елді мекеннің сумен жабдықтау жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүруде. Сонымен қатар, Шолаққорған ауылының «Теріскей» мөлтек ауданын тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамту үшін, жобалық сметалық құжаттамалар жасалып, жобаны қаржыландыру үшін облыстық бюджетке ұсынылған болатын. 2019 жылы аталған жобаға қаржы қаралып, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы жарияланған конкурстың нәтижесінде жеңімпаз анықталып, қазіргі таңда, Теріскей мөлтек ауданының сумен жабдықтау жұмыстары басталуда. Ауыз су тарату жүйесі 2020 жылы пайдалануға берілетін болады.
Сарыжаз, Балдысу, Қарабұлақ және Басбұлақ елді мекендерінің жер асты суын зерттеу жұмыстары 2017 жылдан бері жүргізілуде. Зерттеу жұмыстарының қорытындысы 2019 жылдың соңына дейін қолымызға тиеді деп отырмыз.
Қорытынды алынған соң ауыз сумен қамту үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленетін болады.

– Аудан әкімінің кезекті есеп берулерінде ауданның елді мекендеріндегі тұрғындардың басым көпшілігі ауыл көшелерін орташа (асфальттеу) жөндеу туралы көптеп мәселе көтерген еді. Содан бері нендей жұмыстар іске асырылды?

– Ағымдағы жылы аудан елді мекендерінің 24 көшесіне яғни 20,2 шақырымға (Оның ішінде Шолаққорған ауылы бойынша 11 көшеге 10 шақырым) орташа жөндеу (асфальттау) жұмыстарын жүргізу үшін аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаз мердігерлермен келісім шарт түзілді. Қазіргі таңда аудан елді мекендерінің 24 көшесіне орташа жөндеу (асфальттау) жұмыстары басталды.
Сонымен қатар, «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында Шолаққорған ауылының 17 көшесіне 18,6 шақырымға орташа жөндеу (асфальттау) жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджетке сұраныс жолданып, қаржы қаралған болатын. Қазіргі таңда 17 көшенің орташа жөндеу жұмыстары жүруде.

– Аудандағы тұрғындардың жіті назарында тұрған өзекті мәселелердің бірі ауданды табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі. Бұл жұмыстар қай деңгейде атқарылуда?

– Өте орынды сұрақ, жалпы «Еврохим Қаратау» ЖШС-не тартылатын магистралды газ құбырының Жаңатас қаласына бұру бөлігінен Созақ ауданына дейін 43,8 шақырым тартылатын жоғары қысымды газ құбырының ЖСҚ-ы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылып 22.11.2018 жылы №19-0346/18 оң қорытындысы алынған. Ауданды газбен жабдықтау жұмыстары үшін облыстық бюджетке ұсынылды.
2019 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылған болатын. Нәтижесінде анықталған жеңімпаз мердігер «StroуGazСompany» ЖШС мен келісім шарт түзіліп құрылыс жұмыстары басталуда.
Шолаққорған ауылының ішкі жүйелерін газбен жабдықтау жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамалары жасалып, мемлекеттік сараптамаға ұсынылып 25.01.2019 жылдың 25 қаңтарындағы № 19-0014/19 сараптаудың оң қорытындысы алынған болатын. Бұл жобаны қаржыландыру үшін облыстық бюджетке ұсыныс енгізілді.

– «Тазалық-денсаулық кепілі», «Жасыл желек жанның көркі» десек, аудан орталығы мен елді мекендерді көркейту, көгалдандыру санитарлық тазалық жұмыстары басты орында десек, бұл бағыттағы атқарылған жұмыстарға алып қосарыңыз бар ма?

– 2019 жылдың наурыз айынан бастап аудан бойынша ауылдық округтер мен кенттерде, барлық мемлекеттік, бюджеттік мекемелер мен мемлекеттік емес ұйымдардың қатысуымен 8 рет сенбіліктер өткізілді.
Сенбілік жұмыстарына 181 шақырым көше бойлары, 24 шақырым аяқ жолдар, 9110 шаршы метр үй іргелік аулалар, 11 шақырым су жүйелері арналарын тазалау жүргізіліп, нәтижесінде 423 тонна күл-қоқыс арнайы полигондарға шығарылды.
Ағымдағы жылы Шолаққорған ауылынан шыға беріс Шолаққорған-Созақ бағытындағы мазараттан бастап, Ә. Молдағұлова мектебіне дейін автомобиль жолдарының бойы әсем безендірілген шарбақтармен қоршалды. Әлі де атқарылуға тиісті назарымызда тұрған жұмыстар көп. Шолаққорған ауылынан «Ақшам» шағын ауданынан саябақ және Ишанбұлақ демалыс аймағының сметалық құжаттамасы әзірленіп облыстық бюджетке қаржы қарауға ұсынылған. Бүгінгі күні қаржы қаралып, Шолаққорған ауылының жастарының қолайлы демалып серуендеуі үшін саябақтардың абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

– «Қыс қыр астында» дегендей алдағы 2019-2020 жылдардағы жылу беру маусымына әзірлік деңгейі жөнінде хабардар етсеңіз?
– Cозақ ауданы бойынша 2018-2019 жылдарға жылу беру маусымы 2018 жылдың 15 қазанынан басталып, жылу беру мерзімінің аяқталуы 2019 жылдың 15 сәуірінен бастап тоқтатылды.
2018-2019 жылдары жылу беру маусымында аудандағы бюджеттік мекемелер мен көпқабатты тұрғын үйлердің жылу қазандықтары мен жылу жүйелерінде апатты және келеңсіз жағдайлар орын алған жоқ.
Созақ ауданы бойынша 2019-2020 жылдарға жылу беру маусымына дайындық барысы туралы 2019 жылдың 21 ақпандағы аудан әкімімен «Созақ ауданы бойынша 2019-2020 жылдары жылу беру маусымына нысандарды дайындау туралы» іс-шарасы бекітілген. Осы іс-шараға сәйкес 2019-2020 жылдарға жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттік мекемелердің, атап айтқанда аудан әкімдігінің білім бөлімі, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне қарасты мекемелрдің жылу жүйелеріне гидравликалық сығымдау жұмыстары жүргізілген. Қорытындысы бойынша акт толтырылып, дайындық паспорттары әзірленді.
Сұқбатыңызға рахмет. Бұл кеңесіңізді көпшілік оқырман, аудан жұртшылығы қаперіне алар деген ойдамыз. Еңбектеріңізге тек сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан:
Мақсат Қарғабай.