Ел есінде сақталар елеулі шара

Сұлтанбек Қожанұлының 125 жылдығы

Тарихы терең Теріскей өңірінде мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығына арналған «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты кең көлемді екі күндік салтанатты шара өтті. «Өлі риза болмай, тірінің ісі алға баспас» демекші өткенімізді өшіруге емес, өрістетіп еске алуды, рухани жаңғыртуды мақсат тұтқан өсер елдің ұрпағына тән өрелі істер атқарылды. Сондай-ақ бұл істің басында жүрген «Nur Otan» партиясының бастамасымен Мемлекет және қоғам қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың еңбектерін ел арасында насихаттау мақсатында ««Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы» атты автосапар ұйымдастырылды.

Созақ ауданынан бастау алған мерекеге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, аудан әкімі Салыхан Полатов, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұт, қоғам қайраткері, Созақ ауданының Құрметі азаматы Қуаныш Айтаханов, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев пен өзге де зиялы қауым өкілдерінен сұлтанбектанушы ғалым, тарихшылар, аудан тұрғындары қатысты.
Мәдени көпшілік шараның мақсаты – мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист Сұлтанбек Қожановтың өнегелі өмірін насихаттау болатын. Тарихымызда күні бүгінге дейін лайықты бағасын ала алмай келе жатқан тұлғалар аз емес. Солардың бірі — Сұлтанбек Қожанов. Оның тұлғасын тану мен танытуға қатысты бірқатар арнаулы зерттеу еңбектер жарыққа шықты. Дегенмен өскелең ұрпаққа Алаш қозғалысы қайраткерінің ерен еңбегін кеңінен таныта түсу қажеттігі бүгінгі өмірдің басты талабы еді. «Ұлтын ұлықтаған қайраткер» салтанатты іс-шарасы аясында мемлекет қайраткерінің 125 жылдығына орай, Созақ ауданы, Ақсүмбе елді мекенінде С. Қожанов атындағы 100 орындық мектептің алғашқы қышы қаланып, құран оқылып, ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Аудандық Сұлтанбек Қожанов атындағы музейде өткен шараға жоғарыда аттары аталған кісілер түгел қатысып, алаш ардақтысының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Қонақтар мұражайдағы тарихи жәдігерлермен танысты. «Мыңжылқы» Мәдениет сарайындағы «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты аймақтық ғылыми тәжірбиелік конференцияны Созақ ауданының Құрметті азаматы, ғалым Нариман Нұрпейісов жүргізіп отырды. Ғылыми-тәжірибелік конференцияны Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов ашып, құттықтау сөз сөйледі. Созақ ауданының Құрметті азаматы Қуаныш Айтаханов, ғалым, сұлтанбектанушы Бейбіт Қойшыбай, ғалымдар Әлібек Сейдехан, Тұрсын Хазіретәлі, Медеубек Тәңірберген, Мамыт Амангелді, Қайрат Анарбаев баяндама жасап, ұлт тұлғасының өмірі, тарихи кең тынысты тұлғасына тоқталды. Конференцияда Сұлтанбек Қожановтың еңбектері насихатталып, тарихи тұлғасы ашылды. Ақын Рахым Балаби ұлт қайраткеріне арнау өлең оқыды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттай отырып, осы күні Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығына орай ақындардың шығармашылығына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған облыстық «Тұғыры биік тұлға» атты жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды.
Жыр мүшайрасына аудандық мәдениет бөлімі қызметкерлері, жергілікті ақын-жазушылар қазылық етті. Мүшайраға облыс көлемінен 20-ға жуық бәйгеден үміткер ақындар қатысты. Солардың арасынан суырылып шыққан шабытты ақындарға қазылар алқасы төрелік ете отырып жүлде белгіледі. Бас жүлде — қарақұрлық Тілеубек Ыбырайымұлына, бірінші орын қазығұртттық Ақтөре Қайрат, екінші орын балдысулық Тұрысбек Шылманбетке, үшінші орын сайрамды Амалхан Төлебек, аудан әкімінің арнайы жүлдесін шардаралық Ыбырайым Нұрғали, ал қалған ақындар ынталандыру арнайы сыйлығына ие болды.
Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығына орай мәдени іс шара Ақсүмбе ауылында жалғасын тапты. Мәдени іс-шара мәдениет үйінің сахналық көрінісімен ашылды. Қилы замандағы тарихи оқиғаны бейнелеген көрініс әсерлі шықты. Аудан әкімінің орынбасары Әлмағанбет Бекзат Тайұлы құттықтау сөз сөйлеп, қайраткердің мерейлі тойына арнаған жылы лебізін білдірді. Ауданның қоғамдық мәдени өміріне белсене араласып жүрген азаматтарға аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті. Сұлтанбектанушы ғалым, тарихшы Бейбіт Қойшыбай мемлекет және қоғам қайраткері, Ақсүмбеден шығып, алты алаштың атпал азаматына айналған Сұлтанбек Қожановтың өміріне, ұлт үшін атқарған қызметіне тоқталды. Ауданның мәдениет қызметкерлері алыс жақыннан келген қонақтарға арнап, концерттік бағдарлама қойды. Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығына орай, аудан спортшыларының арасында арқан тартыс, қол күрестен жарыс өтті. Спорттық жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне сый-сияпат табысталды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының Созақ, Түлкібас ауданы әкімдіктерімен бірлесе Мемлекет және қоғам қайраткерлері Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанұлының туғанына 125 жыл толуына орай арнайы автошеру ұйымдастырылды. Бұл автошерудің басты мақсаты – қос тұлғаның еңбектерін ел арасында насихаттап, ұрпақ санасына сіңіру, алыс ауылдардағы ағайынның рухани әлеуетін көтеруге жағдай жасау»,- дейді «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары.
Сұлтанбек Қожанұлының қоғамдық-саяси қызметі ұлтқа қызмет етудің жарқын үлігісі болды. Ол ұлтжандылығы мемлекетшілікпен ұласқан, мемлекетшілігі ұлтының рухына қызмет етуге жұмылдырылған қайраткер халықтың жадынан да, ғылыми танымнан да мәртебелі орын алуға әбден лайық.
Қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар, белгілі ғалымдардан құралған автосапар мүшелері екі күн бойы қос алыптың туған жерлерінде рухани кездесулер өткізіп, Қожанов пен Рысқұлов еңбектерін кеңінен насихаттады.
«Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы» автосапары Ақсу-Жабағылыда жалғасып, Т. Рысқұловтың 125 жылдығына арналған «Ұлт тарихындағы жарқын тұлға» атты салтанатты іс-шарасына ұласты.

Мақсат Қарғабай.

Ризашылық білдіреміз

Созақтықтарға риза болып отырмын. Мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өтіпті. Сұлтанбек Қожановтың атын шығаратын, қазаққа сіңірген еңбегін танытатын іздеуші жанашыры болған жоқ. Әйтпесе, оның қайраткерлігі талайларды мың орап кетеді. Мінезі өз алдына бөлек әңгіме. С. Қожановтың Тәшкендегі архивін қопарып, терең зерттеген филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп ағамыз. Басқа да зерттеген ғалымдар бар. Алдағы уақытта Қожанов туралы кеңірек зерттеп жазсам ба деп жүрмін, ол уақыт еншісінде. Әзірге осы шараны ұйымдастырған адамдарға Алла разы болсын!

Жылбек Сенбекұлы,
радиожурналист.