ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ ҚАРЫЗЫ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ БҮКПЕЛЕНЕ МЕ?

Ағымдағы жылдың 1-шілдесіндегі жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік қарызы – 40 миллиард АҚШ долларын немесе 15 триллион теңгеден астам қаржыны құрайды. Еліміздегі Тengrinews.kz сайты жолдаған ресми сауалға ҚР Қаржы министрлігі осындай дерек берген. Бұл туралы аталған сайт жазады.
Мемлекеттік қарыздың 31 миллиард доллары немесе 12 триллион теңгеден астамы үкіметтік қарыз болып табылады. Үкіметтік қарыздың ішінде сыртқы берешек 5,4 триллион теңгені (14 млрд. доллар), ал ішкі қарыз 6,7 триллион теңгені (17 млрд. доллар) құрайды.
Министрліктің Тengrinews.kz-ке берген мәлімдемесінде елдің сыртқы үкіметтік қарызының 2,3 триллион теңгесі Халықаралық Қайта Құру және даму банкі, Еуропалық Қайта Құру және даму банкі, Азия Даму Банкі және Ислам Даму Банкі сынды халықаралық қаржы ұйымдарынан алынған несие екені және олардың барлығы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленетіні көрсетілген.
Қазақстанның мемлекеттік қарызы белгілі болды. Ал енді біздің мемлекетке кім қарыз? Осы тұста «өз арбамызды өзіміз сүйреу үшін сыртқа қарыз болып жүргенде, мемлекет өзге елді қалай жарылқайды?» деп таң қалуыңыз да мүмкін. Десе де біздің елге де берешек мемлекет бар. Ол бір ғана Грузия болып табылады. Грузия Үкіметінің біздің елге беретін берешегі 37,9 миллион долларға жеткен. Олар бұл соманы 2025 жылға дейін толық өтеуі тиіс.
Жалпы Грузияның біздің елге берер негізгі борышы 25,4 миллион доллар болған-тын. Бұл сома 1992-1993 жылдары екі елдің ұлттық банктері арасында өзара есеп айырысу нәтижесінде түзілген еді. Алайда екінші тарап елдегі күрделі экономикалық кезеңді алға тарта отырып, берешекті өтеу мерзімін бірнеше жылға созып келген. 2017 жылы осы мәселе жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде Қазақстандағы Парламентте «Қазақстан Республикасының алдындағы Грузия Үкiметiнiң берешегін қайта құрылымдау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Соның негізінде 2017-2025 жылдардағы кезеңге Грузия тарапының төлемдер сомасы 37 млн. 997 мың 815 АҚШ долларын құраған-тын.
Қаржы министрлігі қазіргі уақытта төлемдер белгіленген мерзімде және толық көлемде жүзеге асырылып жатқанын хабардар еткен.

А. САТЫБАЛДЫ.

P.S.Отандық БАҚ жолдаған сауалға сәйкес еліміздің Қаржы министрлігі жоғарыдағы мәліметтерді келтіре отырып, ағымдағы жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша шетел мемлекеттерінің Қазақстан алдында қарызы жоқ екенін екшей кеткен. Ал елдің сыртқы қарызы туралы көрсетілген деректерді ағымдағы жылдың 1-шілдесіндегі жағдай бойынша екенін ескерткен. Ведомстваның сыртқы қарыз төңірегінде қыркүйектегі ахуал бойынша ақпарат бермеуінің сыры неде? Бұл сұратылған мәліметтерді беруде ақпараттардың бүкпеленгенін білдіртеді ме әлде оның өзге де себебі болуы мүмкін бе?