ТҮРМЕДЕ ТҮЙІТКІЛ КӨП ПЕ?
Қылмыс жасағандардың тәртібін тезге салып, сабасына түсіру үшін олар
түзеу мекемелеріне тоғытылады. Бірақ сол түзеу мекемелерінде жаза
арқалағандарға қолданылатын шара заң аясындағыдай тәртіпте бола бермейді.
Ағымдағы жылдың шілде айында Алматы облысындағы Заречное ауылындағы түрмеде жаза арқалағанды азаптау оқиғасы соның нақты мысалы. Бейнежазбаға түсірілген сол көріністі күллі ел көрді. Бұған бей-жай қарамаған қауым елдің көпшілігі мұны құптамады. Біраз жұрт сотталғандардың құқын таптаудың осы сынды мың мысалы өзге де түзеу мекемелерінде болатынын ашық меңзеді. Және мұндай болжам шындықтың ауылынан алыс емес екені анық.
Шымкенттегі бірнеше түзеу мекемелеріне прокурорлық тексеру жүргізілді. Прокурорлық тексеру кезінде төрт түзеу мекемесінде 7 заңбұзушылық фактісі анықталған. Атап айтқанда, ИЧ-167/2 мекемесінде сотталған 2 азаматқа, ИЧ-167/4 мекемесінде-1, ИЧ-167/10 мекемесінде-1 және ИЧ-167/11 мекемесінде-3 азаматқа түзету мекемелерінің әкімшілігі заңсыз шара қолданған.
Қадағалаушы орган өкілдері жүргізген тексеру кезінде мекеме әкімшілігіне қолданылған жазалау шаралары негізсіз қабылданғаны белгілі болып, тиісті актілер негізінде олардың күші жойылған.
Мұндай мекемелерде тек жазалау ғана емес, көтермелеу үшін «Алғыс» жариялау шараларының негізсіз қолға алынатыны анықталған. Осы мәселеге қатысты да бірнеше шешімдердің күштері жойылған.
Шымкент қалалық прокуратурасы таратқан бұл мәліметтер арқылы түзеу мекемелеріндегі тірлікте ала-құла жағдай жиі кездесетінін бағамдауға болады.
М. ӘБДІРАЙЫМ.