ЖЫЛЫНА ЖҮЗДЕН АСА АДАМ ҚҰЛДЫҚТАН БОСАТЫЛАДЫ

Жыл сайын әлемде 40 милионға жуық адам құлдықтың қамытын киеді. Мұндай теперішке тап болатындар елімізде де жиі тіркеледі. Қазақстанда әр жылда жүздеген адамның құлдықтан босатылуы соның нақты дәйегі. Дәл осы жағдай бойынша халықаралық рейтингте Қазақстан 167 елдің ішінде 83-орыннан көрінеді.
Бұл туралы Нұр-Сұлтанда өткен халықаралық жиында айтылды.
Шараға Орталық Азия елдерінің, сондай-ақ Ауғанстан, Иран елдерінің прокуратура және басқа да құқық қорғау органдары, қаржы барлау бөлімшелерінің қызметкерлері қатысқан. Елордада өткен жиынды ҚР Бас прокуратурасы жанындағы құқық қорғау органдары Академиясы БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен бірге ұйымдастырған.
Онда тиісті сала мамандары адамдарды құлдықта ұстау көбіне көп белгілі бір мемлекетте басталып, келесі елде аяқталып жататынын, сондықтан да ол халықаралық қылмыс түрі болып табылатынын алға тартты. Аталған жиында осы қылмыс арқылы көлеңкелі табыстарға кенеліп жатқандардың жолын кесудің жолдары жан-жақты сөз болды. Қылмыстық қаржылық жағын тексеруде ведомствааралық ынтымақтасты ұлғайту мәселелері айтылды. Соның негізінде өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктері пысықталды.
Екі күнге жалғасқан семинарда қатысушылар адамдарды еркінен тыс құлдықта ұстау қылмыстарын анықтаудың тәсілдерін, оның жолын кесудің жақсы мысалдары мен зор тәжірибелерін қаперге алып, өз елінде қолдануға мүмкіндік алмақ.

С. НҰРАЙ.