Қазақстанда кең жолақты интернет 3 324 ауылда ғана қол жетімді
Жыл соңына дейін Қазақстандағы 700-ге жуық ауыл төрткүл дүниеде болып жатқан тіршілікпен дер кезінде танысуға және сандық жүйенің сан игілігін пайдалануға мүмкіндік беретін интернет желісіне қосылатын болады. Бұл ауылдық жерлерді кең жолақты интернетпен ары қарай қамту үшін 2018-2021 жылдарда талшықты-оптикалық және LTE (4G) желілерін салу жоспары бойынша қолға алынған жұмыс.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Үкіметтің кезекті отырысында осылай деп мәлімдеді.
Министрдің мәліметінше былтыр елімізде интернетті пайдаланушылар жалпы халықтың 81,3 пайызын құрап, әлемдік рейтингте 45-орыннан көрінген.
Сонымен қатар ол, 2020 жылдың аяғына дейін тұрғындардың саны 250-ден асатын 880 ауыл кең жолақты интернет желісімен қамтылатынын хабардар етті. Ал 2022 жылдың соңына дейін 5089 ауылдық елді мекен интернет желісіне қосылатынын айтқан. Ал қалған ауылдарға интернет желісін ұйымдастырудың техникалық мүмкіндігі спутниктік байланыс арқылы қамтамасыз етілмек.
Бүгінде елімізде кең жолақты интернет 117 қала мен 3 324 ауылда ғана қол жетімді.
С. НҰРАЙ.