Күйсінай әже аз уақытта 70 келі ақ алтын терді
«Еңбегінен ел таныр». Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласының Күйсінай есімді тұрғынының тыңғылықты тірлігі оны тұтас елге танытты. Асылдың сынығындай болған Күйсінай Анарбаеваның жасы бүгінде 92-де. Бейнетінің зейнетін көретін жасқа әлдеқашан жетсе де, асыл әже құр отырғанды құп көрмейді. Және ондайға жаны қас. Сондықтан болса керек ол, мақта алқабында терім басталған шақта да көпшілікпен бірге ақ алтынды жинауға құлшына кірісіп кеткен. Сөйтіп, алқапқа шығып, белін бүгіп мақта терген аз уақыт ішінде 70 келі ақ алтын теріп, жақсы нәтиже көрсетіп үлгерген.
«Көз қорқақ, қол батыр» екенін жақсы білетін әжей жас буын өкілдерін осылайша таң қалдырған. Мұндай жоғары көрсеткішке қол жеткізу орта буын былай тұрсын, жастардың да үш ұйықтасына түсіне кірмейтіні анық.
Еңбегімен осылай топ жарған әжейдің өзгелерге
үлгі боларлық бұл еңбегі еленбей қалмады.
Ташкент облысы әкімдігінің өкілдері ардақты әжеге құрмет көрсетіп, нәтижелі еңбегі үшін оған сыйлық табыстаған.
С. НҰРАЙ.