ЖЕР ҮСТІ ӨТКЕЛІ ЖЫЛ АЯҒЫНА ДЕЙІН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Шымкенттегі «Жаңа Шаһар» аялдамасы аумағындағы жерүсті өткелінің сақалды құрылысқа айналғаны қашан. Құрылысы бірнеше жылға созылған бұл нысан желтоқсанға дейін аяқталып, пайдалануға берілетін болды.
Бұл туралы журналистерге Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев мәлімдеді.
Ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстарға шолу жасаған басқарма басшысы бұдан бөлек тағы қандай ақпараттарды таратты. Оқып көрелік.
Қазіргі таңда Шымкенттегі көшелердің ұзындығы 3 мың шақырымға жуықтайды. Бірақ асфальт жабындысы төселген бөлігі 56,2 %, шағал тас төселген бөлігі 40 % болса, қалған 3,8 пайызы топырақ жол болып табылады.
Мегаполистегі көлік жолдарының көркін ашу үшін биыл бюджеттен 8 531,31 млн. теңге бөлінген. Оның 2 032,0 млн.теңгесі республикалық бюджеттен, 6 498,795 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен бағытталған. Соның негізінде осы жылы ұзын ырғағы 165,3 шақырымды құрайтын көшелерде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде биыл 108,5 шақырым пайдалануға берілмек.
Қазіргі таңда Шымкентте
Ұ. Арғынбеков (бұрынғы Сыпырған ата), Әл-Фараби көшесінің жалғасы, Тәуке хан көшесі («Тассай» аумағындағы), А-2 автомобиль жолы, Астана даңғылы, Н. Төреқұлов, Жібек жолы, А-2 автомобиль жолын қайта құру (І-кезеңі Қ. Төлеметов көшесінен Ынтымақ ш/а дейін), «Бекжан» базарының маңындағы жол айрықтың оң жақ өткелдерін қайта құру,
Д. Қонаев көшесі жалғасының құрылысы (І-кезеңі Түркістан көшесінен Әйтеке би көшесіне дейін; V-кезеңі Бадам өзенінен Сәуле ш/а дейін), Ж. Адырбеков көшесін қайта құру, А. Байтұрсынов сынды 11 магистралды көшеде құрылыс, қайта құру, және орташа жөндеу жұмыстары қызу жүргізілуде. Олардың ішінде бірқатар нысандар алдағы жылдарға өтпелі. Нәтижесінде биыл оның 14,2 шақырымы пайдалануға берілмек.
Бұдан бөлек қаладағы 21 шағын ауданында 96,6 шақырымды құрайтын ішкі орам көшелеріне күрделі жөндеу, 26 шағын ауданда 48 шақырымды құрайтын 42 ішкі орам көшелерді орташа жөндеу, 6,6 шақырымды құрайтын 6 көшеде жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары орындалады. Сондай-ақ, көлік кептелістерін алдын алу және жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында 6 көшенің қиылысында оң жақ өткелдердің құрылысы жүргізілуде. Жаңадан құрылып жатқан 89 шақырымды құрайтын көшелерге шағал тас төсеу жұмыстары атқарылуда.
Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Шымкенттегі жолдардың қанағаттанарлық индикаторы 53,7 пайыздан 56,5 пайызға артады деген болжам бар.
Басқарма басшысы бүгінгі таңда 564 көшеде жөндеу жұмыстарын атқару үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттар әзірленгенін атап кетті. Бұл алдағы жылы да Шымкентте жол құрылысы мен көше жөндеу жұмыстарының қарқын алатынын аңғартады.

С. НҰРАЙ.