АЙНАЛАНЫ ТАЗА ҰСТАУ ҚАЛАҒА ДЕГЕН ҮЛКЕН ҚҰРМЕТ

Жуырда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының ұжымы қаладағы М.Х. Дулати көшесінде тазалық жұмыстарын жүргізді.

Шара аясында 32 мың шаршы метр аумақ күл-қоқыстан тазарып, реттелді. Осылайша олар ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бастаған «Бірге – Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қолдау білдіретінін құр сөзбен емес, нақты іспен көрсетті.
Ұжымның директоры Данабек Исабеков «ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты барлық мекемелер, соның ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның барлық аймақтағы филиалдары «Бірге – Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдайтындықтарын іс жүзінде көрсетіп, тазалық шараларын жүргізуде. Біз де өз тарапымыздан осы М. Х. Дулати көшесін күл-коқыстан тазарттық. Бұл туған жерді көркейтуге деген зор үлес деп санаймын. Жалпы ғасырлар бойы жоқ болып кетпей, тұтас қалыбын сақтайтын пластик ыдыстарды жинап көзін жою экология үшін үлкен қамқорлық» дей келе, қала тұрғындарын осы акцияны тек қолдап қана қоймай, айналаны таза ұстауға шақырды.
Бұған дейін де Шымкентте респбуликалық деңгейде өтіп жатқан «Бірге – Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қалалық әкімдікке қарасты бірнеше басқармалар осы сынды тазалық шараларын жүргізген.

С. НҰРАЙ.