МӘМС: ҚҰНЫ ҚЫМБАТ ЗЕРТТЕУЛЕР ТЕГІН ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Шымкенттегі мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың барлығы 100 пайыз компьютер техникаларымен қамтамасыз етілмеген. Бұл мәселені осы жылы шешу басты міндет. Себебі елімізде келер жылдың 1-қаңтарынан бастап азаматтарға ем көрсету шаралары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі негізінде жүзеге асады. Мәселені уақыт создырмай шешу үшін осы жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде мемлекеттік медициналық ұйымдарға барлығы 1901, жекеменшік нысандарға өз бюджеті есебінен 453 компьютерлік техника алынатын болады.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев мәлімдеді.
Шаһардың бас дәрігері 2020 жылы Шымкенттің денсаулық сақтау саласына бюджеттен 62,3 млрд. теңге бөлу бағытталып отырғанын да айтты. Қазынадан қаралған сол қаржының 37,3 млрд. теңгесі кепілдендірілген тегін медициналық көмекке жаратылса, 25,0 млрд. теңгесі МӘМС жүйесімен қамтылған азаматтардың ем-домына игеріледі деп күтілуде. Амбулаториялық ем алу кезінде тағайындалатын дәрілер үшін 5,5 млрд. теңге бөлініп отыр.
Басқарма басшысының сөзінше Шымкентте 1-тамыздағы жағдай бойынша медициналық ұйымдарға бекітілген халық тіркелімі порталына тіркелген халық саны 1 034555 тұрғынға жеткен екен.
Сонымен қатар ол, МӘМС жүйесімен қамтылған азаматтар келер жылдан бастап компьютерлік және магниттік-резонанстық томография сынды қымбат зерттеулерден тегін өтетінін айрықша атап өтті. Сондай-ақ, МӘМС жүйесі бойынша сақтандырылғандар да, сақтандырылмағандарға да жедел жәрдем шақыру, алғашқы медициналық көмек, санитарлық авиация көмегі мен басқа да ауыр жағдайға түскен науқастың өмірін құтқаратын қажетті дәрігерлік көмектің барлығы тегін көрсетілетінін мәлімдеді.
Өз кезегінде Асхан Байдувалиев шымкенттік дәрігерлердің алдына қойған басты мақсатын да атап өтті. Бұл туралы ол:
– Елімізде өмір сүру ұзақтығы 72,5 жас екені белгілі. Біз Шымкент тұрғындарының өмір сүру жасын 74-75 ке ұзартуды жоспарлап отырмыз. Ал ол ана мен бала өлімін болдырмау, жүрек-қан тамыр ауруларын азайту, адамдардың жарақат алу жағдайын алдын алу есебінен іске асырылатынын қаперден шығармауыз керек, — деді.

С. НҰРАЙ.