Бюджеттің игерілмеуіне жол берген басшыларға шара көріле ме?

«Бірдің кесірі мыңға тиді». Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты бірқатар басқармалардың мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізуді тым әріге созып, өгізаяң әрекетке баруы мен өзге де тәртіптерді сақтамауы салдарынан республикалық бюджеттен бөлінген 6458,2 млн. теңге ақтауға келмейтін себептермен қысқартылған.
Нәтижесінде тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, білім салаларындағы бірқатар нысандардың құрылысы сиырқұйымшақтанған тірліктің кебіне түскен. Яғни, қаладағы №23 мектеп қосымша ғимаратсыз қалса, «Асар 2» шағынауданында 1200 орындық кеңсарайдай мектеп құрылысы осы жылдан қалып отыр. Бұл басқарма басшылары тарапынан бақылау, қадағалаудың болмауынан. Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен өткен актив жиналысында осы мәселелер айтылып, алдағы уақытта мұндай кемшіліктерге жол бергендерге қатаң шара көрілетіні ескертілді.
Өз кезегінде қала әкімі жергілікті атқарушы органның бюджетті жоспарлауда олқы тұстары көп екенін ашық айтты. Сонымен қатар ол, тап осы бюджетті игеруге келгенде жауапты мамандардың орындаушылық тәртіптен жұрдай екенін, тіпті сын көтермейтін сатыда екенін мәлімдеді.
Республикалық бюджеттен қаламыз үшін кең пішіліп бөлінген бюджетті дер кезінде межелі жеріне жұмсауда басқарма басшыларының өздеріне жүктелген міндеттердің үдесінен табылмауына қала әкімінің салалық орынбасары тарапынан тиісті бақылаудың болмағаны да себеп болған.
Әй дейтін әженің болмауынан кейбір басқармалар мемлекеттік сатып алу конкурстарын жыл ортасына дейін созған.
Қала әкімі Ерлан Айтаханов қазынадан бөлінген қаржыларды жұмсауда кемшіліктерге жол бергендердің әрекетін сын тезіне ала отырып, қарамағындағыларға тиісті тапсырма берді. Соған сәйкес, алдағы уақытта бюджеттік өтінімге еніп, қолдау тапқан әрбір жобаның жүзеге асуының есебі басқарма басшыларына жүктелді. Ал қала әкімінің орынбасарларына бюджеттің орындалу тәртібін жеке бақылауда ұстап отыру міндеті артылды.
Осы жиында 2020-2022 жылдарға арналған қала бюджетінің басым бағыттары талқыланды. Шымкент қаласының әкімі осы аралықтағы бюджетті нақтылау кезінде Елбасы тапсырмаларын орындау мәселесіне екпін берілуі қажеттігін ескертті. Ол қала келбетін жақсарту, азаматтарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, қала территориясын көріктендіру және көгалдандыру.
Жиында қаланың шеткі аумақтарындағы шағынаудандар мен тұрғын алаптарды дамытудың кешенді іс шараларын қолға алу мәселесі де сөз етілді.
Отырыста Ерлан Қуанышұлы келер жылы қаладағы аудан әкімдіктеріне 1 млрд. теңгеден қаржы бөлінетінін айтып, аудан әкімдері оларды тиімді бағыттаудың ұсыныстарын әзірлеу қажеттігін тілге тиек етті.
Сондай-ақ ол, бюджет саласында кемшіліктерге жол берген лауазым иелеріне жыл аяғына дейін қатаң шара көрілетінін хабарлады. Бірақ қандай шара көрілетінін ашып айтпады.

А. САТЫБАЛДЫ.