ЕКІ КЕЗЕҢДІ ЕГІС ЖИНАУ ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Шардара
ауданына жасаған сапары кезінде осылай деді.

Аймақ басшысының шаруаларға мұндай талап қоюға белін бекем буып отырғаны жай айтыла салған жоқ. Бұл екшеліп, зерделеуден өткен дүние. Оған ауданның Жаушықұм ауылдық округіндегі «Тұрар» шаруа қожалығының атқарып жатқан жұмыстары дәлел болады.

Аталған қожалық екі кезеңді егіс жинауды қолға алғаннан бастап, бүгінде көл-көсір пайдаға кенеліп отыр. Шаруа басшысы ерте көктемде алқапқа қарбыз еккен. Баптап өсірген өнімін ертерек жинап алған соң, қырыққабат, қызылша, пияз сынды көкөністердің тұқымын сепкен. Шаруалар бұл жұмысты дер шағында орындап, нақты нәтижеге жету үшін Жапония мен Швейцария, сондай-ақ Түркиядан сатып алынған заманауи технологияны пайдаланып, тамшылатып суару әдісін қолданған. Шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан жер-анадан ырыздығын теру үшін осылай табанды еңбек етуінің арқасында диқандар сапалы әрі қалдықсыз өнім алған.
Тірлігіне көңіл тоғаятын шаруа қожалығының жұмысына облыс әкімі де оң бағасын беріп, «Тапсырманың тиянақты орындалғанын көріп тұрмын. Бірақ бұл тек бір ғана шаруа қожалығының атқарған ісі. Өнімнің сапасы да көзге көрініп тұр. Дәл осы бір жылда екі-үш рет өнім жинау әдісін тұтастай барлық ауыл округтерінде қолға алу керек. Үйреніп, одан әрі дамыта түсу керек», – деді.
Бақша өнімдерін өсіретін бұл шаруа қожалығы 2012 жылы ашылған. Меншігінде жалпы аумағы 286,0 гектар жері бар. Онда 20 адам жұмыс істейді. Олардың орташа айлық жалақысы 80 мың теңгені құрайды. Алдағы уақытта, «Тұрар» шаруа қожалығына 14,3 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Бұл жоспардың жүзеге асуы 12500 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға жол ашпақ. Бұл үшін қаржы Еуропа қайта құру және Даму банкісі тарапынан қарастырылуда.

Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.