ҚОРҒА ҚАНША ҚАРЖЫ ТҮСТІ?

Қазіргі таңда 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап стратегиялық сатып алушы, медициналық қызметтердің бірыңғай төлеушісі болып белгіленген Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жиналған жарна көлемі 195 млрд. теңгеге жеткен.
Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов мәлімдеді. Сонымен қатар ол, жыл соңына дейін қорға түсетін қаржы көлемін 240 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отырғанын айтты. Және де мемлекет тарапынан да аз қамтылған санаттардың 15 категориясы бойынша қаражат бөлінетінін атап өтті.
Қорға жарна төлеуден босатылатын санаттағы азаматтарға балалар, көп балалы аналар, ҰОС ардагерлері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, интернат тәрбиеленушілері, студенттер, баланы күтіп-бағу бойынша демалыста жүрген әйелдер, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар, уақытша ұстау изоляторында және тергеу изоляторында ұсталатын адамдар жатқызылатынын айта кетейік.