БЕКШИННІҢ ТАЛАБЫ ЕСКЕРІЛЕДІ МЕ?

Жаңа оқу жылы да таяп қалды. Ата-аналардың мектепке баратын баласының оқу құралы мен киім-кешегін түгендеудің қамымен жүргенде тамыздың қалай түгесілгені де байқалмай қалады. Балаларды мектепке дайындау жүрдім-бардым қарайтын іс емес. Ол үлкен жауапкершілікті талап ететін тірлік. Жуырда еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің мектеп формасы мен оқушылар ұстайтын сөмкенің қандай болуы керектегі туралы тапсырмасы соған дәлел.

Өз кезегінде ҚР Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин балалар дәріс кезінде ештеңеге алаңдамас үшін ыңғайлы әрі сапалы киімдерді алу керектігі жөнінде кеңес білдірді. Ол киім маталарының 75-85 пайызы мақта, жүн және тағы басқа табиғи өнімнен тұруы керектігін, ал синтетикалық қоспасының құрамы 25 пайыздан әрі аспауы қажеттігін ескертті. Синтетикалық құрамы одан жоғары матадан ауа өтпейтінін, оның салдары түрлі аллергиялық аурулардың пайда болуына әкеп соқтыратынын құлағдар етті.
Сонымен қатар ол, мектеп жасындағы балаларға қолда ұстайтын портфель емес, рюкзак алып беруді де баса айтты. Себебі қолмен ұстайтын портфельдер буыны әлі толық қатайып үлгермеген баланың тұла бойын бір жағына қарай еңкіш тартқызуы мүмкін екенін жасырмады.
Соңғы жылдары мектепте білім алатын балалардың, әсіресе бастауыш сыныптарда оқитын оқушылардың сөмкесі айтарлықай ауыр екені жиі айтылып келеді. Ол мәселе етіп қанша рет көтерілген. Бірақ білім алу емес, сөмкені көтеру мұңға айналған оқушылардың бұл жай-күйіне әлі күнге дейін нүкте қойылмай келе жатқаны анық. Бұл көз жұма қарайтын мәселе емес. Бұған Жандарбек Бекшиннің төмендегі мәлімдемесі айғақ.
– Мектеп сөмкесінің салмағы оқушының бойы мен жас ерекшелігіне сай болуы шарт. Мәселен, 1-3 сынып оқушыларының сөмкесі 2 келіден аспауы тиіс. 4-5 сыныпта – 2,5 келі, 6-7 сыныпта – 3,5 келі, ал жоғары сынып оқушылырының сөмкесі 4,5 келіден артық болмауы қажет. Ауыр рюкзактың салдарынан сколиоз, остеохондроз сияқты аурулардың туындайтынын ұмытпауымыз тиіс.
Ал тиісті мекемелер Бекшиннің бұл талабын биыл ескеретініне сену қиын.

Қ. ҚАЛИЕВ.