ПРЕЗИДЕНТ ШЫМКЕНТ ӨНІМІН ТҰТЫНАДЫ
Қарапайымдылық қасиет әрдайым көптің сүйкімін тудыратыны сөзсіз. Бейсенбі күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің твитінде Шымкенттен шығарылатан аяқ киімге тапсырыс беріп, сатып алғанын жазған. Бұдан хабардар болған «Спутник кз» сайтының журналистері зерттеуге кірісіп, президент алған аяқ киімнің құнын анықтаған.
Сөйтіп, компания өкілімен байланысқа шығып, одан телефон арқылы тиісті мәліметтерді сұраған. Өз кезегінде компания өкілі Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырыс берген өнімнің бағасы 21 мың теңгені құрағанын, оның таңдауы қоңыр түсті былғары мезгіларалық туфлиге түскенін айтқан.
Сондай-ақ ол, Президент таңдаған туфлилерді шығаратын компанияның Елордада дүкені жоқ. Бірақ бұл сауда-саттық жасауға ешқандай кедергі тудырмайтынын, тапсырыс берсе, өнімдерін Қазақстанның барлық өңірлеріне, тіпті Ресей еліне дейін жеткізіп беруге қауқарлы екендіктерін хабарлаған.
Президент отандық өнімді қолдау бағытындағы бұл іске «Айқын» газетінде етік тігетін жас кәсіпкер туралы сұхбатты оқыған соң, бел буғанын жасырмаған.
Естеріңізге сала кетсек, жуырда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли «Айқын» басылымын президенттің ең сүйікті мерзімді басылымдарының бірі болып табылатынын ашық айтқан-тын.
Жалпы мемлекет басшысы тиімді бағада босатылатын отандық өнімдерге осылай таңдау жасауы алғаш болып жатқан жағдай емес. Ол бұған дейін де ресейлік журналистерге берген сұхбаты кезінде отандық өндірістен шыққан галстуктерді тағатынын тілге тиек еткен болатын.
М. Әбдірайым.