ТҮРКІСТАНДАҒЫ ЕҢ КӨП ТІРКЕЛГЕН ҚЫЛМЫС – БӨТЕННІҢ МҮЛКІН ҰРЛАУ
Осы аптада Түркістан облысының прокуратурасында алқа мәжілісі өтті. Жиында қадағалаушы органның 2019 жылдың І- жартыжылдығының жұмыстары қорытындыланды.
Онда ағымдағы жылдың алты айында Түркістан облысы көлемінде криминогендік жағдайды тұрақтандыру бойынша атқарылған жұмыстар өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда нәтижелі болғаны айтылды.
Мәселен, 2019 жылдың 6 айында өңір бойынша тіркелген қылмыстардың саны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 6179- дан 4917-ге дейін, яғни 20,4 пайызға төмендеген. Ең көп тіркелетін бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысты жасалған қылмыс саны 2906-дан 2049- ға дейін, яғни, 29,5% зайған. Қасақана кісі өлтіру 17 %, тонау 32,1%, қарақшылық 23,5%, алаяқтық 5,3% төмендеген. Прокурорлар есепті кезеңде кәмелет жасына толмағандардың қылмысқа баруы да 116-дан 100- ге, дәлірегі 13,7 пайызға кемігенін, ал оларға қарсы жасалған заң бұзушылық 2,3 пайызға дейін төмендегенін алға тартты.
Бұдан бөлек, прокуратура тарапынан облыс көлемінде 78 тексеру, 216 талдау жүргізіліп, 347 прокурорлық ден қою актісі енгізілген. Нәтижесінде 300 000 жуық азаматтың құқықтары қорғалып, мемлекет пайдасына залалдың 638,9 млн. теңгесі және 40,8 млн. теңге әкімшілік айыппұлдар өндірілген.
Сондай-ақ, кешенді шаралардың нәтижесінде күнгейде кадастрлық бағасы 5,3 млрд. теңгені құрайтын, жалпы аумағы 257,6 мың га болатын игерілмей жатқан жерлер анықталған. Бұл барлығы 4221 учаске болып табылады екен. Прокурорлар қолданған шаралардың негізінде сол игерілмей жатқан жерлердің тең жартысына игеру жұмыстары бастау алған. Құзырлы орган есепті мерзім ішінде сол жерлердің 12 пайызының (33 мың га жер) мемлекетке қайтарылуына ықпал еткен.
Прокурорлар тергеу мен түзеу мекемелерінде 4 тексеру жүргізіп, нәтижесінде сотталған 17 азаматтың конституциялық құқықтарын қорғаған. Шартты түрде сотталғандардың қайтадан қылмысқа бару дерегі өткен жылдың алты айымен салыстырғанда 3 пайызға қысқарған.
Жалпы ағымдағы жылдың алты ай көлемінде облыс прокуратурасына жеке және заңды тұлғалардан бар-лығы 3871 арыз-шағымдар келіп түскен. Келіп түскен өтініштерді сапалы әрі жан-жақты қарау мақсатында білікті қызметкерлерден жасақталып құрылған «бейімделген қабылдаулар» өтініш иелерін нақты шешімдер және тиісті жауаптармен қамтамасыз еткен. Бұл жұмыстардың нәтижесінде бір тұлғадан шағымның қайталап түсу деректерінің саны 63-тен 11-ге дейін төмендеген.
Қыдыр ҚАЛИЕВ.