Арыс жұрты арандатушылыққа бой алдырмады

Сәрсенбі күні түс ауа жергілікті билік жарылыс болып, жұрты күнгейдегі аудан, қалаларда құрылған эвакуациялық пункттерге жайғастырылған Арыс тұрғындарына қаладағы қауіптің сейілгенін, енді олар апта соңында өз үйлеріне оралатыны туралы ақпаратты сүйіншілей жеткізді. Бірақ…
Келесі күні, дәлірегі, 27-маусымда күндізгі сағат 11-лер шамасында «Ақмешіт» мешітінің алды мен «Бекжан» базары аумағындағы Темірлан тас жолын арыстық тұрғындар жауып, қаладағы көлік қозғалысына кедергі келтірді. Азат шеруге шыққан ағайындардың айтар уәжі – оқ пен оттың ортасында қалдырған Арысқа кері қайтпау болды. Арыс десе сол күнгі оқ-дәрі сақтайтын қоймалардағы жойқын жарылыс көз алдарына келіп, ат тепкендей күйге кенелетін тұрғындар әкімнен күнгейдің өзге қала, аудандарынан, қала берді Шымкенттен үй беріп, жер бөлуін талап етті. Олар Шымкент әкімін шақырып, халықпен бетпе-бет сөйлесуін сұрады.
Біраздан соң жарылыстан әбден шошынып, шу шығарып жатқан халыққа Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымовта жетті. Ол халықпен әуелі «Ақмешіт» мешітінде, кейіннен сыртта сөйлесті. «Оттың ортасына қалай барамыз. Басқа жерден үй салып берсін» деп базынасын жарыса айтқан тұрғындарға қала әкімі Арыстың әлі әдемі қала болып кететінін айтып, оларды сабырға шақыруға тырысқанмен жұрт даурығуын тоқтатпады. Содан соң сөзге қонақ бермеген арыстықтарға «Шымкентте үй кезегінде 130 мың адам тұр. Қалада сіздерге берілетін үй жоқ» деп кесіп айтты. Одан соң тысқа шыққан оны сырттағы халық қаумалап, туған үйлеріне оралмайтындарын жабыла айтып жатты. Тап осы сәтте мегаполис мэрі алқымынан алған жұртқа «Біз де ойнап жүрген жоқпыз. Қолдан келгенді жасап жатырмыз. Егер Құдай болсам, бір күн ішінде бәрін шешіп тастайтын едім, Біз де адамбыз, біз де пендеміз. Күні-түні жұмыс істеп жатырмыз. Еркектерге ренжіп отырмын. Әйелдер айқайлап, сөйлей берсін. Еркектерге не жоқ?! Өз әйелдеріңе ие болыңдар бірінші. Одан кейін ел туралы айтыңдар» деп батырып сөйледі. Әкімнің бұлайша эмоциясын көрсетуі қаншалықты дұрыс не бұрыс болғандығы жөнінде біз баға бере алмаймыз. Бірақ сол сәтте ондағы азаматтардың бірқатары оның сөзін құптап «дұрыс, дұрыс» деп бастарын изеді.
Бұдан соң тоғыз жолдың торабындағы тұрғындар «мәселемізді Ғабидолла емес, Шөкеев шешеді. Сол кісі халықтың алдына келсін» деп тағы да айғайға салды. «Жаман хабардың жерде жатпайтыны» сынды, аймақ басшысы Өмірзақ Естайұлы да көп ұзамай жетіп, олармен сөйлесу үшін Шымкенттегі «Ақмешіт» мешітіне қарай бет алғаны сол еді «ішке кірмейміз. Сыртта сөйлесеміз» деп жүздеген адам оның алдын кес-кестеді. Дегенмен де диалог мешіт ішінде болды. Өз кезегінде Өмірзақ Естайұлы да халықты сабырға шақырып, «Айналайын, арыстықтар! Бұл төтенше жағдай, өздеріңіз білесіздер. Бәріміз сіздермен біргеміз! Бүкіл Қазақстан сіздермен бірге. Тыңдаңыздар менің сөзімді. Біз ойнап жүрген жоқпыз. Ол жерде әскерилер де, бәрі де күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Тазалап жатыр қаланы. Неге соны түсінбейсіздер? Сіздерге барлық жағдайды жасап жатырмыз. 60-тан астам осындай пункт бар. Араларыңда арандатушылар бар. Тыңдамаңдар» деп арандатушылардың жалған ақпармен айдап салуына жол бермеуін шегелеп жеткізді. Бірақ биліктің халық алдындағы бұл диалогы арыстықтардың аптығын баспады. Керісінше тоғыз жолдың торабындағы жойқын жарылыстан қатты үрейленіп қалған тұрғындар түс ауа қаланың орталығына қарай ағылды. Олар Темірлан тас жолы бойымен жүріп келіп, Әл-Фараби алаңына аялдады. Сол жерде арыстықтар алаңның жан-жағына қарай шашырай орналасып, әр жақтан билікке жоғарыдағыдай талаптарын айтып жатты.
Төзімдерінің әбден таусылғанын айтып, тауы шағылған тұрғындарды сабырға шақыру үшін облыс әкімінің кеңесшісі Ұласбек Сәдібеков, облыстық мәслихаттың депутаты Әбдіхалық Қасымбай, бірнеше имамдар болды. Бірақ азат шеруге шыққандар олардың ешбірінің сөзіне құлақ аспады.
Алаңдағы адамдардың арасында эвакуациялық пункттерде билік тарапынан ешқандай көмек көрсетіліп жатпағанын, барлық жәрдем қарапайым халықтардың қол созуымен ғана жүзеге асып жатқандары да кездесті. Олар Арыстан зардап шеккендердің мұқтаждықтары үшін құрылған қорға миллиондап түскен ақшалар қайда кетіп жатыр деген сұрақтарды да көлденең тартты. Кейбірі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт
Тоқаевтың халықпен диалог орнатуын сұрап жатты.
Жан-жақтан айтылған жұбату сөзге табан тіреуді кұп көрді ме әлде бірнеше шақырым жаяу жүріп шаршағаннан ба белгісіз, сол күні кешкісін сағат 20:00-21:00-дер ортасында алаңдағы арыстық ағайындар тәубесіне келіп «туған жерге деген махаббатымызды жоғалтпайық. Ертең Арысқа оралайық. Шымкенттік тұрғындарға рахмет» деп бейбіт түрде тарқасты.
Айтпақшы, бұл күнгі оқиғаны полиция қызметкерлері бақылап жүрді.
Жоғарыда таңертең стихиялы түрде басталып, бірнеше сағатқа созылған бейбіт шеруде арыстықтар арандатушылыққа бой алдырмады.

Қ. ҚАЛИЕВ.