Мылтықтар музейге қойылсын
Мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың туғанына 125 жыл толуына орай және музейдің құрылғанына 25 жыл, сондай-ақ халықаралық музей күніне сай «Көне жәдігерлер сыр шертеді» атты тақырыпта аудан орталығындағы «Тәуелсіздік» саябағында мерекелік іс-шара өткізілді.
Іс-шараға ауданның құрметті азаматтары, мекеме, бөлім басшылары, мектеп директорлары, ұстаздары мен оқушылар, шығармашылық өкілдері келіп қатысты. Мәдениет үйінің қызметкерлері С. Қожанов өмірі туралы қойылым қойып, музей директоры
Н. Дүйсенбек мерекелік шараны ашты. Музей — тарих, музей — тағылым. Мұны Елбасы сөзімен байыптасақ: «Тарихтың тағылымы бізден ел қамын ойлар естілікті тілейді». Ғасырлар бойы жиналған ұлт пен ел игілігі келешек ұрпаққа мұрты бұзылмай, жүйеленіп, айшықталған күйінде жетуі тиіс. Бүгінгі күніміз ертең-ақ тарихқа айналады. Ол тарихта жаңа заманды бастаған серпінді Қазақстанның мәдени талғамы мен парасаты биік көрінуі керек. Осылай деп сенеміз және осы жолда аянбай еңбек етуіміз қажет. Қазақстан өзінің жаңа дәуірін бастап кетті. Мың күнге татитын күндер мен жүз жылға татитын жылдардың шежіресі дәл қазір жазылып жатыр. Халықаралық музейлер күні осыдан 42 жыл бұрын, яғни 1977 жылы Мәскеу қаласында өткен Дүние жүзі мәдени қауымдастығының халықаралық музейлер кеңесінің Бас конференциясында бекітілген болатын. Бұл мейрам 1978 жылдан бері 150-ден астам мемлекетте мерекеленеді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғанындай, туған өлкеміздің тарихын кеңінен таныту мақсатында музей де өз қызметін жаңа талаптар тұрғысынан атқарып отырғандығын және де алдағы уақытта жаңа музей салынып, қолданысқа берілетінін айтып өтті. Сөз алған аудан әкімінің аппарат басшысы Қалдыбек Оразов музей ұжымына аудан әкімі С. Полатовтың алғыс хатын тапсырды. Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің бөлім басшысы Гүлнар Өмірбек музейге өз сыйлығын тапсырып, ауданның құрметті азамматтары
Қ. Еспенбетов, П. Сақтапбергенұлы, ардагер А. Шәдібеков С. Қожановтың 125, музейдің 25 жылдығымен құттықтап қызметкерлерге шығармашылық табыс тіледі. Ал, Ы. Алтынсарин, А. Байтұрсынов, Ғ. Мұратбаев, Науай атындағы жалпы орта мектебінің басшылары «Музейге сый» акциясына бірнеше құнды жәдігерлерді сыйға тартып музей қорын толықтырды. Атап айтқанда, музей директоры Ниязәлі Дүйсенбековтің әкесі майдангер Дүйсенбеков Омарбек атамыздың сонау 1930 жылдардағы жеке білте мылтығы қолдан қолға өтіп Науайы мектебінің мұғалімдерінің бірінің қолында осы уақытқа дейін сақталып келіпті. Музей күні мылтықтың заңды мұрагері Ниязәлі ағамызға әкесінің білте мылтығын салтанатты жағдайда табыс етті. Алайда музей директоры мылтықты жеке үйінде емес, музейге сақтауды ерікті түрде қалап, музей жәдігерлерінің қатарына қосты. Әр мектептен көрме қойылып, мектеп оқушылары өз өнерлерін көрсетіп, соңы мерекелік концертке ұласты.
Мақсат ҚАРҒАБАЙ.