«БИЗНЕСКЕ АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ» – КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҮЛКЕН ҚОЛДАУ

Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы мен
«SHYMKENT» ӘКК» акционерлік қоғамы бірлесе қолға алған «Бизнеске арналған Үкімет» орталығы өз жұмысын бастады.

Жуырда орталықтың тұсаукесері болып өтті. Оған «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин, қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев, «SHYMKENT» ӘКК» АҚ-ның басқарма төрағасы Рашид Аюпов, мемлекеттік мекемелердің, қаржы институттарының, инвестициялық компаниялардың өкілдері және қала кәсіпкерлері қатысты.
«Бизнеске арналған Үкімет» орталығын құрудағы басты мақсат – «бір терезе» қағидасы бойынша бизнесті қолдау мен дамытудың барлық іс-шараларын бір ғана орталық арқылы жүзеге асыру. Енді «Бизнеске арналған Үкімет» инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің бірыңғай орталығына айналмақ.
Кәсіпкерлерге сапалы қызмет көрсету үшін ол жерде Шымкент қаласы Кәсіпкерлер Палатасының менеджерлері, «SHYMKENT» ӘКК» АҚ, «Даму» қоры, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ және мемлекеттік органдардың қызметкерлері жұмыс істейтін болады. Орталық қызметкерлері келушілерге мемлекеттік қызмет аймағы, өткізу аймағы, қаржыландыру аймағы, құқықтық сүйемелдеу аймағы, құзырет аймағы, сандық қызметтер аймағы, Бизнес-супермаркет сынды бағыттары бойынша 71 түрлі қызмет түрін көрсететін болады. Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев:
— «Бизнеске арналған Үкіметте» кәсіпкерлерге барлық қажетті кеңестер мен өз жобаларын жандандыру бойынша қолдау көрсетіледі. Көрсетілетін қызметтердің барлығы бәрі ашық және қолжетімді. Енді кәсіпкерлер бизнес адымын кеңейту үшін мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырмайтын болды, — деді.
Және де ол ұсынылатын қызметтер онлайн режимде де қолжетімді екенін атап өтті.
С. НҰРАЙ.