«Шүлен көже»-шарасыз жұртты тығырықтан алып шыққан шара болған
Қазақ қай заманда өмір сүрсе де бір-біріне қайырымдылық танытуды ешқашан таптаурын әрекетке жатқызбай, оған берік болған.
Тіпті айналадағы адамдарды сол бір игілікті дәстүрге шақыратын, сондай әрекетке табан тірейтін тағылымдар айтудан жалықпаған. «Жетім көрсең жебей жүр» деген бір ғана сөздің өзі соған дәлел. Дәстүрлі қазақ қоғамында жәрдем жасау мен қамқорлық таныту кең тараған. Бұл іске әдетте шүлен тарату, шүлен тарту деп сипаттама берген. Шүлен тарату немесе шүлен тарту садақа, зекет сынды діни парызға жатқызылмайды. Ол тегін таратылатын дүние-мүлік болған. Яғни, бай-бағландардың кедей, жарымжан жандарға көрсетілген жәрдемі деп түсіндіріледі. Басына қандай күн туса да кеңпейілдік танытып, мырзалық мінездің үлгісін көрсеткен жомарт жандар қазақ тарихында әркез болған. Оған Созақ көтерілісі жылдарында ашқұрсақ болған халықтың қамы үшін ұйымдастырылған «Шүлен көже» шарасы жарқын мысал болады.
Атышулы Созақ көтерілісі кезінде, мемлекет және қоғам қайраткері, Сұлтанбек Қожанов талғажау етер тамақтан әбден қысылған жерлестерінің қамы үшін Үкімет тарапынан Созақ елін аштықтан құтқару мақсатында арнайы комиссия құрып, ашқұрсақ елге «Шүлен көже» ұйымдастырады. Яғни, сол кездерде елдегі бар астықты ортаға салып, қамбаның түбі қырылып «Шүлен көже» жасалған. Табылған дәннің барлығын араластырып қайнатқан быламықты «Шүлен көже» деп атаған. Күніне бір мәрте берілетін осы «Шүлен көжеге» кезекке тұрған аш адамдардың легі үш шақырымға жалғасқан деседі. Созақтықтар ата-бабаларының өзегін жалғап, өлімнен аман алып қалған Сұлтанбек Қожановтың бастамасымен жүзеге асқан осы «Шүлен көжені» әсте ұмытпайды. «Бір аштықтың тоқтығы» болатыны сынды, ол заман қанша қиналысты болса, олар сол өткенге салауат айтады. Созақ көтерілісі жылдарындағы «Шүлен көже» тарату қайырымдылық шарасына атсалысу үшін жергілікті жұрт десе жайбарақат отырмайтын елдің бас көтерер азаматтары, колхоз төрағалары Ыбырай Жәукебаев пен Жанәділ Исаұлы қолында бар малын сойдырған. «Шүлен көже» шарасына сүбелі үлес қосқан осы екі кісінің жомарттығын Сұлтанбек Қожанов бірнеше жыл бойына өзге жұрттарға жар салып үлгі еткен. Бірақ, 1937 жылғы Сталиннің жаппай қырып-жою саясаты кезінде Сұлтанбек Қожанов тұтқындалған. Сол кезде оны жазықсыз қаралап қана қоймай, «Онымен жақын байланыста болған» деген жаламен Ыбырай Жәукебаев пен Жанәділ Исаұлын да «Халық жауы» деп итжеккенге айдаған. Арада қанша жылдар өтті. Жазықсыз жазаланған, негізсіз қараланған бұл азаматтардың есімі ардақталды. Ең бастысы олардың қиналған жұрт үшін жасаған демеу, қолдаулары күні бүгінге дейін ел арасына үлгі ретінде таралып келеді.
Созақ көтерілісі жылдарындағы «Шүлен көже» шарасы сынды «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» тіршілік етуге бастайтын ата-бабадан қалған сол бір игілікті іс күні бүгінге дейін жалғасып келеді десек артық айтқандық емес. Теріскейдің 90-жылдығы қарсаңында өз қолы өз аузына жеткен бірнеше атпал азаматтар мен жомарт жандардың өз есебінен Созақ ауданында бірнеше нысандардың атап айтқанда, балалар ойын алаңы, футбол алаңы мен сауда үйінің және т.б. ашылуы соның жарқын үлгісі.