ҚЫЗУ ЕҢБЕК ҚОРЫТЫНДЫЛАНҒАН КҮН Түркістанда «Агрофест – 2018» шарасы өтті


Ағымдағы жылы Түркістан облысында ауыл шаруашылық саласының жалпы өнім көлемі 475,6 млрд. теңгені құрады. Аталған салада күнгей еліміз бойынша екінші орынға қол жеткізді. Былтыр облыс халқы 416 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін өндіргенін еске түсіру арқылы аймақ жұртының жемісті еңбек етуі жыл сайын жақсарып келе жатқандығын аңғаруға болады.
Биыл Түркістан облысы көкөніс, бақша дақылдарынан қамбаға 2,8 млн тонна өнім жинаған. Бұл республика бойынша рекордтық көрсеткіш. Оның 500 мыңға жуығы Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне, 1 млн. тоннасы еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілген. Қарқынды баулардың көлемін ұлғайтуда да нәтиже жаман емес. Оның көлемі 2800 гектарға жеткен. Облысымызда елдегі жеміс-жидектің 40 пайызы, жүзімнің 73 пайызы өндірілген. Сонымен қатар, Қазақстандағы жылыжайлардың 77, тамшылатып суғару әдісінің 73 пайызы да біздің өңірге тиесілі. Аймақта алғаш рет 6,2 мың тонна ет экспортталған. Бұл осы бағыттағы республика экспортының 41 пайызын қамтыды.
Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласында алғаш рет өткен «Агрофест – 2018» ауыл шаруашылығы фестивалі шарасында мәлім етті. «Есімхан» атындағы орталық алаңда өткен осы шарада облыс әкімі облыстың ауылшаруашылық драйвері екенін тағы да дәлелдей түсетін бұл көрсеткіштердің барлығына шаруалардың еткен еңбегі мен төккен терінің арқасында қол жеткізілгенін баса айтып, оларға ізгі лебіз білдірді.
Шаруалар жұмысы қорытындыланған бұл шарада нәтижелі еңбек үлгісімен Түркістанның атын алға оздыруда сүбелі үлес қосқан аудан, қалалар және жеке шаруалар ҚР Премер-Министрдің орынбасары ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Естайұлының және облыс әкімінің медальдары мен арнайы сертификатына ие болды. Өңір шаруалары «Озат астық жинаушы», «Озат мал бордақылаушы», «Озат бақша өсіруші» сынды 21 номинация бойынша марапатталды. Одан бөлек, аудан — қалалар арасында 16 бағыт бойынша үздіктер анықталды. Солардың ішінде, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында міндеттелген тапсырмаларды орындаудан Шардара ауданы бірінші, Қазығұрт ауданы екінші, Сайрам ауданы үшінші орынды иеленді.
Жыл қорытындысы бойынша Сайрам ауданы ет өндіру мен мал шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан да бәрінен озған. Ал, Жетісай ауданы «Мақта өсіруші озат аудан» және «Бақша өндіруден озат аудан» номинацияларын иеленген. Фестивалде ауыл шаруашылығы саласындағы ауыз толтырып айтар жетістіктерді жұртшылық арасында насихаттау мен диқан еңбегін көрсетуде де белсенділік танытқан бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері марапатталды.
«Агрофест – 2018» фестивалі кезінде облысымызда өндірілген ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі болып өтті. Онда ет, май, ірімшік, жұмыртқа, шұжық, бал, көкөніс, жеміс-жидек және тағы басқа өнімдер сатып алушыларға нарықтағы құнынан 15-20 пайызға төмен бағада ұсынылды.
Нәтижесінде онда 182 тонна табиғи таза өнімдер пышақ үстінде өтті.
Бұдан бөлек, шара барысында көрме ұйымдастырылып, онда ауыл шаруашылығы өнімдері, асыл тұқымды төрт түлік малдың түрлері мен озық техникалар ұсынылды. Бұл көрмелер ауылшаруашылық саласы бойынша төрт сайманымыздың түгел екенін тағы бір көрсетіп, көңіл толтырды.
Еңбек еткеннің «қарны тоқ, көйлегі көк», ертеңі еңселі болатыны дәріптелген бұл шарада жәрмеңке, көрмеден бөлек облыстағы әр аудан, қала ақшаңқай киіз үй тігіп жиналғандарды қонақ етті. Әр отауда ауданның өнерпаздары ұлттық музыкалық аспаптармен ән айтып, жырдан шашу шашып, келген қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Құшақ жая қарсы алудан соң, дастарханнан дәм алған қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық спорт түрлері бойынша ұйымдастырылған сайыстарды тамашалады.

С. ИБРАГИМОВА.